Қазақстан мен Еуроодақ визалық рәсімді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жасау бойынша алғашқы ресми келіссөзді бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тараптар бастаманы желтоқсанда 10 жыл толатын кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің лайықты жалғасы ретінде бағалады.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Еурокомиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директораты бас директорының орынбасары Йоханнес Луқнер төрағалық еткен алғашқы кездесу сындарлы әрі іскерлік сипатта өтті.
Сыртқы істер министрлігі процестің тарихи мәні зор екенін ерекше атап өтті. Себебі бұған дейін Еуроодақ Түркістанның ешбір елімен визалық келісім бойынша ресми келіссөз жүргізбеген.
«Кездесу барысында тараптар ұстанымын ортаға салып, бастапқы бағдарларды айқындап, алдағы атқарылар жұмыстың бағыт-бағдарын белгіледі. Жаңа құқықтық негіз қалыптастыру арқылы азаматтардың сапарын жеңілдету, адами байланыстарды тереңдету және серіктестікті кеңейту бойынша нақты қадамдар жасалатыны сөз болды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ресми келіссөздердің басталғаны Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен ЕО Сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың төрағалығымен 1 желтоқсанда Брюссельде өткен Қазақстан-Еуроодақ ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы кезінде жарияланды.
Келесі келіссөз раунды 2026 жылы Астанада өтеді.

