ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін шетелге сатуға уақытша шектеу енгізді. Ресми құжатқа сәйкес, сиыр еті экспортына квота 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады. Жалпы рұқсат етілген көлем 13 мың тонна. Бұл мөлшер үшінші елдерге де, Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестерге де ортақ. Яғни, қазақстандық өндірушілер сол шектен асып өте алмайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Квота бәріне бірдей берілмейді. Оны тек өзінде кем дегенде 5 мың басқа дейін ірі қара ұстайтын, арнайы бордақылау алаңы бар және етті өңдейтін өндірістік қуаты бар компаниялар ғана ала алады.
Әр кәсіпорынға рұқсат етілетін экспорт көлемі де шектелген. Кәсіпорынның қуатына қарай 1 мыңнан 4 мың тоннаға дейін ғана сыртқа шығара алады. Осылайша министрлік ірі өндірушілерге ғана емес, ішкі нарықтағы теңгерімді де ескеруге тырысқанын көрсетіп отыр.
Тәртіп бойынша, құжат берілген күннен бастап 10 күн ішінде ғана жарамды. Сол мерзімде кәсіпорын етті вагонға не автокөлікке жүктеп, шекарадан өткізіп үлгеруі керек. Шекарадағы ветбақылау кезінде квота құжаты қабылданады. Егер үлгермесе, қайтадан басқа өндірушіге берілуі қарастырылмаған, яғни квота қайта бөлінбейді.
Министрлік мұндай шектеулердің себебін ашық айтып отыр. Негізгі мақсат ішкі нарықтағы бағаның күрт өсіп кетпеуін қадағалау және азық-түлік қауіпсіздігін қорғау.
Соңғы жылдары ет бағасының көтеріліп кеткенін, халық үшін қолжетімділіктің өзекті тақырыпқа айналғанын ескерсек, Үкімет экспортты толық жауып тастамай, бірақ белгілі бір шеңберде ұстап отыр. Сиыр еті толық тоқтатылмағанымен, көлемге шектеу қою арқылы ішкі ұсынысты жеткілікті деңгейде қалдыру көзделген.
Экспортқа мүлде тыйым салмай, квота енгізу өндірушілердің сыртқы нарықпен байланысын үзіп алмаудың да бір жолы. Кәсіпорындар шетелдік серіктестерімен жұмысын жалғастыра алады, бірақ ішкі сұраныс пен баға мәселесін де ескеруге мәжбүр.
Осы шешімнің қалай жұмыс істейтіні алдағы бір-екі жылда айқындалады. Егер ішкі нарықта баға тұрақтанып, ет тапшылығы туындамаса, квотаның негізгі міндеті орындалды деп айтуға болады. Ал өндірушілер үшін енді есеп-қисапты, жоспарды, логистиканы мұқият ойластыру кезеңі басталды.

