Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде оқитын жасөспірімдер желтоқсанның 1-15 аралығында қаржылық қауіпсіздік негіздерін ойын форматында меңгеріп жатыр. «Qarzhy Saqshysy» деп аталатын компьютерлік жоба «Заң және тәртіп» жалпыұлттық нарративі аясында өтіп, жастарды заманауи цифрлық қатерлерден қорғауға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаны Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп іске асырып отыр, ал ойынды AML Academy Қаржылық мониторинг агенттігімен бірге Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен әзірлеген.
Негізгі мақсат жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын көтеріп, интернетте, мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілерде жауапты әрі сақ болу дағдысын қалыптастыру.
Ойын барысында оқушыларға қазіргі уақытта жиі кездесетін қаржылық алаяқтық тәсілдері түсіндіріледі. Қаржы пирамидалары қалай жұмыс істейтіні, дропперлік әрекеттердің мәні, фишингтік шабуылдардың белгілері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақша не дерек талап ететін күмәнді ұсыныстарды қалай тану керектігі нақты мысалмен көрсетіледі. Сонымен бірге цифрлық гигиена қағидаларына, құпиясөздерді қорғау, банк картасы мен жеке деректерді ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу сияқты қарапайым, бірақ маңызды ережелерге ерекше көңіл бөлінген.

«Qarzhy Saqshysy» ойыны 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін арнайы бейімделген. Интерактивті форматта қысқа жағдайлар, практикалық тапсырмалар мен сұрақтар ұсынылады, оқушылар сол жағдайдан шығудың қауіпсіз жолын өзі таңдайды. Осы арқылы олар тек теорияны тыңдап қана қоймай, шынайы өмірде кездесуі мүмкін цифрлық жағдайларды ой елегінен өткізіп, дұрыс шешім қабылдауды үйренеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойын түріндегі тәсіл жасөспірімдерге ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектіріп, қаржы мен интернетке қатысты сақтықты күнделікті дағдыға айналдыруға ықпал етеді. Жоба қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтар алады. Мамандар мұндай ынталандыру балалардың қызығушылығын арттырып, қаржылық қауіпсіздік тақырыбына назарын ұзақ сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.
«Qarzhy Saqshysy» Алматының мектептері мен колледждеріндегі профилактикалық жұмыстың бір бөлігіне айналып, мегаполис жастарының қаржылық қауіпсіздік деңгейін көтеруге және интернеттегі алаяқтыққа алданып қалу фактілерін азайтуға қызмет етеді.

