Батыс Қазақстан облысы шағын және орта кәсіпкерлік көлемі бойынша елдің алдыңғы бестігіне кірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Батыс Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың дамуына зор үлес қосып отыр. Соңғы үш жылда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57,6 мыңнан 59,2 мыңға, яғни 2,7%-ға өсті. Аталған салада 130 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 мыңнан астам жобаға 28 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Осы саладағы шығарылатын өнім көлемі 23%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті.
Қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі 36,7% болып, облыс республикада алдыңғы бестікте. Алдағы жоспар бойынша, 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

