Қазақстан велосипед спорты федерациясы 2025 жылғы маусымды қорытындылап, бір жылда не істелгенін, қай жарыста қандай нәтиже болғанын және 2026 жылға қандай жоспар қойылғанын ашық айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Арнайы өткен жиынға спортшылар, бапкерлер, министрлік өкілдері, демеушілер мен серіктестер жиналды. Федерация дерегінше, биыл қазақстандық велоспортшылар халықаралық деңгейде 36 медаль жеңіп алған, оның 14-і алтын, 12-сі күміс, 10-ы қола. Малайзия мен Таиландта өткен Азия чемпионаттарында трек, шоссе және пара-велоспорт бағытындағы ұлттық құрамалар бірнеше рет жүлделі орыннан көрініп, Қазақстанның аймақтағы орнын күшейтті.
Жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындарында Бахрейннен келген жаңалық та жаман болған жоқ. Қазақстанның жас велошабандоздары 2 алтын, 1 күміс медаль жеңіп, өз буынының әлеуетін көрсетті. Федерация президенті, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов осы маусымды соңғы жылдардағы ең табысты кезеңдердің бірі деп бағалады.

– Жыл бойы маунтинбайк, трек және шоссе жарыстары бойынша елдің әр өңірінде 20 ұлттық чемпионат пен кубок өтті. Шымкент, Қостанай, Тараз, Семей, Астана, Қонаев қалаларында өткен жарыстар ішкі күнтізбенің географиясын кеңейтті, қатысушылар саны да артты. Спортшыларымыз халықаралық аренадан да өзін сенімді көрсетті, – деді ол.
Яғни велоспорт бір-екі қалаға байланбай, ел көлемінде қозғалысқа түсіп жатқаны байқалады.
Федерация биыл да ауылдық жерлердегі спорт мектептеріне баса мән берген. Бағдарлама аясында ондаған балалар мен жасөспірімдер спорт мекемелері жаңа велосипед бөлшектерімен, форма, жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл – ауыл баласының велоспортқа қатысуына нақты мүмкіндік беру деген сөз. Қарапайым тілмен айтқанда, тек орталықта емес, шеттегі бала да жақсы велосипедпен, дұрыс формада жаттығуға қол жеткізсін деген қадам. Осындай қолдау жаңа таланттарды табуға, өңірлердегі спорт инфрақұрылымын күшейтуге көмектесіп отыр.
Жиынға қатысқан Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев велоспорттың қазіргі дамуына оң баға берді. Оның сөзінше, Президент тапсырмасына сай бұл салаға қолдау күшейтіліп жатыр. «Қазір қазақстандық велоспорт серпінді дамудың жаңа кезеңіне шықты. Алдымызда Азия ойындары, одан кейін Олимпиадаға дайындық тұр.
Күш-жігерді біріктірсек, жүйелі дайындықты жалғастырсақ, жоғары нәтижелерге жетуге толық мүмкіндік бар. Министрлік тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ол. Яғни, федерация жұмысы тек спорттық ортада ғана емес, мемлекеттік деңгейде де назарда екені аңғарылады.
Салтанатты кештің басты сәттерінің бірі – «Алтын дөңгелек» атты жыл сайынғы символикалық марапатты табыстау болды. Бұл жүлде «Жасөспірімдер» санатында жылдың үздік спортшысына беріледі. Биылғы марапат 2009 жылы туған, Алматының өкілі, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Глеб Новиковқа бұйырды. Глеб өз сөзінде велоспортқа қалай келгенін қарапайым ғана түсіндірді:
– Аулада велосипед теуіп жүргенде, болашақ бапкерімнің жұбайы байқап қалып, секцияға баруды ұсынды. Содан бері осы спорттан қол үзбедім. Қазір шоссе жарысында Қазақстанның үш дүркін чемпионымын, маунтинбайкта екі дүркін чемпионмын. Велоспортсыз өмірімді елестете алмаймын, болашақта Олимпиада чемпионы болғым келеді, – деді ол. Бұл әңгіме де өз алдына бір жауап: дұрыс жүйе болса, чемпион ауладан да шығады.

Маңызды жаңалықтардың бірі – әйелдер командасының UAE Team ADQ клубымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы. Бұл келісім Қазақстандағы әйелдер велоспорты үшін жаңа кезеңнің бастауы ретінде айтылды. Серіктестік аясында спортшылар шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, әлемнің үздік велошабандоздарымен бір залда дайындалуға мүмкіндік алады.
– Қазақстанда әйелдер велоспортының дамуына үлес қосу мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі келісім – болашақтағы жеңістерге жол ашатын қадам. Жүйелі жұмыс, жаңа халықаралық мүмкіндіктер және талантты спортшыларды қолдау алда жақсы нәтиже беретініне сенемін, – деді БАӘ ADQ UCI WT әйелдер командасының бас директоры Яна Зель. 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықта да осы серіктестіктің рөлі зор болмақ.
Шара барысында тек жұлдыздар ғана емес, велоспортқа енді қадам басып жүрген ең кішкентай балалар да сахнаға шықты. Оларды марапаттау рәсімі залдағы атмосфераны жеңілдетіп, спорттың тек үлкен жеңістер ғана емес, балаға деген мотивациядан басталатынын көрсетті. Жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындарының чемпиондары да сахнаға шақырылып, олардың жетістігі елдегі дайындық жүйесінің дұрыс бағытта екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жеңістер Қазақстанның халықаралық спорттық беделін арттырып отырғаны айтылды.

Кеш соңында ELITE санатындағы үздік спортшылар марапатталды. Шоссе, трек, маунтинбайк (MTB), BMX және паравелоспорт бойынша үздіктер сахнаға көтеріліп, маусымдағы жетістіктері үшін алғыс алды. Олардың халықаралық деңгейдегі нәтижелері Қазақстанды велоспортта қуаты бар, болашағы бар ел ретінде танытуға үлес қосып отыр. Осылайша, Федерация 2025 жылғы маусымды тек медаль санымен емес, жүйелі даму, өңірлік қамту, балалар мен әйелдер спортына қолдау, халықаралық серіктестікпен қорытындылады. Ал алдағы 2026 жылға жоспар осы қарқынды бәсеңдетпей, тағы бір

