Жетісу облысында соңғы үш жылда құрылыс пен әлеуметтік инфрақұрылым бағытында нақты істер атқарылды. Осы кезеңде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 13 498 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Соның ішінде 2 362 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, ал 388 баспана апатты жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарына берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, әлеуметтік нысандарды жаңарту деңгейі орта есеппен 55,8 пайызға жеткен. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында барлығы 276 нысан жаңартылып, пайдалануға берілді.
Білім саласында 19 жаңа нысан салынды, 22 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде бейімделген мектептер саны 69-дан 38-ге дейін қысқарды. Қазір облыста апатты жағдайдағы немесе үш ауысымды мектеп жоқ.

Денсаулық сақтау саласында да жұмыс жүйелі жүрді. Үш жылда 149 жаңа медициналық нысан ашылып, 13 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бұл ауыл мен қала тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына тікелей әсер етті. Сонымен қатар облыс құрылған уақыттан бері 39 спорт нысаны мен 34 мәдениет нысаны жаңартылып, ел игілігіне берілді.
– Бұдан бөлек, инвесторлар есебінен Талдықорған қаласында жабық мұз аренасы, спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй және екі үстел теннисі орталығы салынды, – деді Бейбіт Исабаев брифинг барысында.
Бұл жұмыстардың барлығы Жетісуда әлеуметтік инфрақұрылымды сөзбен емес, іспен дамытуға бет бұрылғанын көрсетеді.

