Алматыда «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы: адалдыққа әдет – жаңа норма» тақырыбымен қалалық форум өтті. Бүгінде адал жүріс күнделікті дағдыға айналып, жемқорлыққа қарсы көзқарас тек ұран болып қалмауы тиіс. Форумға жастар, билік өкілдері және азаматтық қоғам мүшелері жиналып, ашық диалог форматында сөйлесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мақсат жастардың өз ойын айтуына, сұрақ қоюына, нақты мысалдар арқылы мәселені түсінуіне мүмкіндік беру, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форумның өтуіне Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы мен «Парасатты ұрпақ үшін» қоры мұрындық болған. Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылды.
Мұнда негізгі ой анық, ереже бәріне ортақ болуы керек, ал қоғамдағы тәртіп жеке таныстықпен, “біреуді тауып берумен” шешілмеуі тиіс. Жастарға осыны түсіндіру маңызды. Өйткені ертеңгі мемлекеттік қызметкер де, кәсіпкер де, мұғалім де, дәрігер де бүгінгі студент пен жас маман.
Форум барысында адалдық тақырыбына арналған жұмыстар көрсетілді.
«Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қорының президенті Марат Қалимолдин жастардың адалдыққа қатысты көзқарасы қалыптасып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, балалар, студенттер, жастар «Заң және тәртіп» қағидатына сүйеніп, өздері бейнероликтер дайындап, бір-біріне челлендж ұсынған.
Бұл жерде бір нәрсе маңызды, адам бір тақырыпты өзі түсіндіріп, өзі мысал келтірсе, оның санасына тезірек сіңеді. Қысқасы, форум сол жұмыстардың қорытынды алаңы болып, ең үздік бейнематериалдар марапатталған.
Мұндай шаралардың пайдасы қай жерде көрінеді деген сұрақ туындайды. Біріншіден, жастардың құқықтық сауаты өседі. Екіншіден, “осылай да жасауға болады екен” деген түсінік қалыптасады. Үшіншіден, жемқорлық ұсақ нәрседен басталатынын көбірек адам аңғарады.
Осындай әдет қоғамды іштен жейді. Сондықтан адалдықты жаңа нормаға айналдыру деген сөз заңды сақтауды ұяттан, қорқыныштан емес, ішкі мәдениеттен шығару.
Форумның негізгі түйіні де осыған келіп тірелді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бір мекеменің шаруасы болып қалмайды. Ол мектептен, үйден, университеттен, жұмыс орнынан басталады. Жастардың бейнеролик жасап, челлендж ұсынуы сырттай ойын сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында бір тәрбие жатыр. «Аадал болу – әлсіздік емес, дұрыс таңдау» деген ойды қалыптастыру. Алматыда өткен басқосу осы бағыттағы жұмыстың бір буыны ретінде өтті.

