Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережелерді 2025 жылдың 8 желтоқсанында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы арнайы бұйрығымен бекітті. Аталған нормалар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеудің жаңа тәртібі бойынша, корпус «Б» санатына ішкі конкурстардың өткізілу тәртібі, сондай-ақ тестілеуден өту ережелері мен бағдарламалары бекітілді. Дегенмен, бұл ережелер уақытша сипатқа ие болып, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болады. Осы күннен бастап конкурс пен тестілеудің жалпы талаптары күшіне енеді.
Ішкі конкурстар вакантты немесе уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды толтыру үшін тиісті мемлекеттік орган тарапынан ұйымдастырылады. Конкурсқа қатысатын үміткерлердің Қазақстан азаматы болуы және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 16-бабындағы талаптарға толық сәйкес келуі міндетті.
Үміткерлерді бағалау мақсатында арнайы конкурстық комиссия құрылып, қатысушылармен сұхбаттасу жүргізіледі. Сұхбаттасуға жіберілетін кандидаттарды анықтау персоналды басқару қызметінің құзыретінде. Байқауға қатысуға құқығы бар азаматтардың қатарында осы мемлекеттік органның, оған қарасты ведомстволар мен аумақтық бөлімшелердің қызметкерлері де бар. Төменгі деңгейдегі бос лауазымдар үшін ішкі конкурстар өткізілмейді.
Конкурстық іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады
Алдымен хабарландыру жарияланып, үміткерлерден құжаттар қабылданады. Бұдан соң құжаттарды тексеру, белгілі бір жоғары санаттағы лауазымдарға үміткерлерден эссе алу, үміткерлермен әңгімелесу және комиссияның шешім шығаруы сияқты сатылар қамтылады.
Сұхбаттасудың негізгі міндеті үміткерлердің кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін бағалау. Лауазым санаттары бойынша (А-1, В-1, С-1, С-О-1, C-R-1, D-1, D-О-1, D-R-1, Е-1, E-R-1) эссе жазу талабы қойылған. Эссенің көлемі – 200 сөзден аспайды, тақырыбын комиссия анықтайды, ал эссені мемлекеттік немесе орыс тілінде жазу үміткердің өз таңдауы бойынша жүзеге асырылады.
Сұхбаттасу кезінде бірдей лауазымға үміткерлерге қойылатын сұрақтар саны мен мазмұны бірдей болады. Комиссия кандидаттардың эссесі мен сұрақтарға берген жауаптарын бағалап, жиынтық балл негізінде жеңімпазды анықтайды.
Комиссияның шешімі әңгімелесу өткен күні мемлекеттік органның ресми сайтында жарияланады. Үміткер келісім берген жағдайда сұхбаттасу барысының бейнежазбасы да орналастырылады. Комиссия қорытындысынан кейінгі жұмыс күні мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар басшы конкурстан өткен кандидатпен еңбек шартын жасайды.
Айта кетерлік жайт, конкурстық іріктеуге қатысатын азаматтар жол шығыны, баспана жалдау, тұру және байланыс қызметтері секілді шығындарды өз қаражатынан төлейді.
Құжаттағы талаптар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, алайда жекелеген нормалар келер жылдың 1 сәуірінен бастап қолданылады.

