Астанадағы iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жыл басынан бері 2 млн 78 мыңнан аса өтініш қабылдаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық қазір бір ғана телефон желісі емес. Жүйеге 23 қалалық басқарма, 6 аудан әкімдігі, 25 коммуналдық қызмет, 79 лифт шаруашылығы және 1 372 тұрғын үйді басқарушы ұйым біріктірілген. Яғни өтініш «қайда барамын» деп сергелдеңге салмай, бір жерден тіркеліп, жауапты мекемеге тез түседі.
Азаматтарға ыңғайлы болсын деп омниканалды тәсіл енгізілген. Өтініштің 21 пайызы балама цифрлық сервистер арқылы келіп жатыр. 109 қысқа нөмірінен бөлек Telegram-бот бар, әкімдік сайты astana.gov.kz жұмыс істейді,
iKOMEK109 мобильді қосымшасы қолжетімді, Facebook пен Instagram-дағы ресми парақшалар қабылдайды, 109@ikomekastana.kz
электрондық поштасына да хат жіберуге болады. «Телефон шалып үлгермедім» дейтін адамға таңдау жетеді.
iKOMEK жүйесіне қала бойынша 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Камералар балабақша, мектеп, емхана секілді нысандарды да, жол бөлігін, қиылыстарды, адам көп жиналатын орындарды да қамтиды.
Операторлар маусымдық мониторинг кезінде қардың уақытылы тазаланбауын, көктемгі тасқын мен жаңбырда су жиналатын нүктелерді, ашық құдықтарды және өзге коммуналдық түйткілдерді белгілейді. Мәлімет коммуналдық қызметтерге жедел жолданып, орындалуы пысықталады.
Қауіпсіздік бөлігі де назардан тыс қалмаған. Орталыққа Полиция департаментінің қызметкерлері тартылып, жыл басынан бері 21 277 құқықбұзушылық анықталған.
Соның ішінде қозғалыс ережесін бұзуға қатысты 615-бап бойынша 3 617 жағдай тіркелген, қоғамдық орында алкоголь ішу немесе мас күйінде болу фактісі 308, көріктендіру ережесін бұзу 415, белгіленбеген жерде сауда жасау 24 дерекке жеткен. Сан артынан бір-ақ сұрақ туады: тәртіпті камерамен ғана емес, өзіміздің мәдениетпен де күшейтеміз бе?
Қалада сервис сапасы тұрғынның күнделікті көңіл күйіне тікелей әсер етеді. «109-ға жаздым, ертеңіне келіп істеп берді» деген сөз көбейсе, жүйенің мәні сол. Ендігі міндет тұрғынға жауап беруді ғана емес, орындалған жұмыстың сапасын да бақылауды күшейту, өтінішті созбай жабу, ал қайталанатын проблеманы түпкі себеппен шешу.

