Бүгін Астана қаласының Ұлттық баспасөз клубында «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен оның иесі Әсет Матаевтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
Шараның басты себебі «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» АҚ арасындағы дау болды. Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының Полиция департаменті «Фридом Финанс» компаниясының меншік иесі Тимур Турловтың арызынан кейін «ҚазТАГ» редакциясының басшылығына қатысты жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында Әсет Матаев пен Әмір Қасенов күдікті деп танылды.
«ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы кикілжіңді талқылауға Әмір Қасеновтің бұрынғы әйелі де білек сыбана кірісіп, «Facebook» әлеуметтік желісінде «басылымды баяғыдан бері тексеру керек еді» деп жазған болатын.
«Басылымның бухгалтериясында болып жатқан жағдай ақылға сыймайды. Соншалықты танымал порталдың бас редакторы өзінің туған ұлына 14 мың теңге ғана төлейтінін қалай түсіндіруге болады? Әмірдің жалақасы 85 мың теңге-міс. Бұл табысты жасырғанның айқын көрінісі!!! «ҚазТАГ» басшылығының өтірігінен менің ұлым неге зардап шегуі керек?!» – деп назын жасырмады Қасеновтің бұрынғы әйелі Роза Есенқұлова.
Әмір Қасеновтың бұрынғы әйелі де белгілі журналист. Осыған байланысты болса керек шараға жиналған тілшілер «ҚазТАГ» бас редакторынан алимент пен ресми жалақы мәселесін анықтағысы келген. Алайда Әмір Қасенов бұл мәселені тарқатып беруден үзілді-кесілді бас тартты.
«Былай айтайын, менің «Facebook» парақшамда осыған қатысты арнайы пост бар», – деп қысқа қайырған Қасенов өзінің жалақысы туралы сұрақты жауапсыз қалдырды.
Ал «ҚазТАГ»-тың иесі Әсет Матаев «ескі әйелдер туралы айтпай-ақ қояйықшы» деген желеумен бас редакторға мұндай сауалға мүлдем жауап беруге тыйым салды.

