Қазақстанның ірі құрылыс холдингі BI Group Украина нарығына шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Forbes Ukraine дерегінше, еліміздің ең ауқымды жеке компанияларының үздік ондығына кіретін холдинг енді Киев пен қала маңында тұрғын үй кешендерін салумен айналысады.
BI Group-тың Украинадағы өкілі әрі акционері Аян Зәкіриннің айтуынша, украин нарығына қызығушылық 2018 жылдан бері бар. Тіпті 2023 жылы компания Украинаның DIM атты девелоперімен әріптестік орнатқан.
«Холдинг бізге жұмыс істеу тәртібі түсінікті, тілдік орта қолайлы, сондай-ақ өз тәжірибемізді еркін қолдануға болатын нарықтарды таңдайды. Осы тұрғыда Украина біз үшін тиімді аймақ», – дейді Зәкірин.
Украина нарығына кірер алдында BI Group оннан астам компанияны саралап, соңында Watzenrode компаниясына тоқталған. Биыл тамыз айында Watzenrode-ның негізгі акционері өзгеріп, бұған дейін франциялық кәсіпкер Эртле Иньяс Ежи иелік еткен компания акциясының 85 пайызы енді BI Group өкілі Мұхит Нұрбаевқа өтті.
YouControl мәліметінше, Watzenrode Украинада өнеркәсіптік нысандар мен аймақтардағы су инфрақұрылымын қалпына келтірумен айналысады.
«Холдинг Украина нарығында тұрғын үй құрылысымен қатар, инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру бойынша бас мердігер ретінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын энергетика жобаларына қатысуымыз мүмкін», – дейді компания өкілі.
Алдағы 3-5 жылда BI Group Украинаға ондаған миллион доллар инвестиция құюды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Киев пен оның маңынан жер телімдерін іздеп, сенімді серіктестерді тарту бойынша келіссөздерді бастап кеткен.
Осыған дейін Нью-Йоркке сапары аясында президент Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен маңызды келіссөз жүргізген. Ақорданы ерекше қызықтырған мәселенің бірі Украинаны қалпына келтіру жұмысына қазақстандық бизнестің қатысуы.

