Атырау облысында «Атырау Жарық» компаниясында жұмыс істейтін 25 жастағы электрик ауыр жарақат алды. Жұмыс кезінде ток соғып, жас жігіт қазір жан сақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Orda-ның дерегінше оқиға 19 желтоқсан күні болған. Зардап шегуші Еламан Сағиевтің туыстарының айтуынша, электр желісін жалғау кезінде техника қауіпсіздігі сақталмаған.
«Отбасымызда үлкен қайғы болды. Ініміз жұмыс барысында қатты токқа соғылды. Оны шұғыл түрде Атырауға жеткізді. Біздіңше, жұмыс орнында қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. Арнайы киім токтан қорғамаған, оның денесін күйік шалып, киімі мен қолғабы терісіне жабысып қалған. Біз жағдайды ашық айтпасақ, бұл істің жабылып қалуынан қорқамыз. Сондықтан мәселенің барынша жария болғанын талап етеміз», – дейді зардап шеккен азаматтың туыстары.
Еламанның жақындары оны Астана қаласына жеткізіп, білікті мамандардың көмегіне жүгінуді сұрап отыр. Қазір бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданбаған.
«Атырау Жарық» компаниясының баспасөз қызметі болған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Қазір арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Санитарлық авиациямен тасымалдау туралы мәселені медициналық мекеме шешеді. Біз Астанадағы мамандармен келіссөз жүргізіп отырмыз. Зардап шеккен қызметкеріміздің еміне, жолына және тұруына байланысты барлық шығындарды толықтай өз мойнымызға аламыз», – дейді компания өкілдері.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Еламан Сағиев денесінің шамамен 5 пайызын күйік шалған. Оның екі қолы, оң жақ аяғы және аяқ саусақтары күйген.
«Науқас қазір травматология және реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы ауыр деп бағалануда. Облыстық дәрігерлер республикалық деңгейдегі мамандармен кеңесіп, жағдайын тұрақты бақылауға алды», – деп хабарлады басқарма мамандары.
Осыдан 13 жыл бұрын дәл осы отбасында тағы бір туысы «Атырау Жарық» компаниясында дәл осындай жағдайға тап болып, ауыр күйік жарақатын алған. Сондықтан зардап шегушінің жақындары компания басшылығына қатаң шара қолдануды талап етуде.

