Ел ішінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақты алға сүйрейді деген түсінік көптен бері бар. Бірақ Әлихан Смаилов басқаратын Жоғары аудиторлық палата корпорациялардың жұмысына тексеру жүргізіп әлгі ұғым-түсінікті теріске шығарғандай болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаражатты банктік депозитке орналастырған
Аудиттен кейін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында бірыңғай тәсіл мен реттеу әлсіз екені белгілі болды. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан нақты ереже қойылмаған. Соның салдарынан ӘКК әр өңірде әртүрлі бағытқа тартып, мемлекеттік жоспарлауға кірікпейтін жұмыспен айналысып жатқанын алға тартты.
Осы ретте Смаилов «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жоспары қағаз үшін жасалған, сыртқы бағалау жоқ, ал атқарылған жұмыс әкімдіктердің тиімділігіне ықпал етпейді» деген байламға келді.
Сондықтан аудиторлық палата корпорациялардың әлеуметтік рөлі мен инвестиция тартудағы салмағы қандай деген сұрақты төтесінен қойған. Сол сияқты ӘКК несие берсе қайда береді, қайда бермейді деген шекара да айқындалмағанын аудиторлық палата өкілдері ашып айтты. Мұндай сұрақтарға жауап жоқ жерге бюджет қаржысын құюдың өз үлкен қателік екені белгілі.
Соңғы бес жылда ӘКК-ларға 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты берілген, соның 288 млрд теңгесі кәсіпкерлерді несиелеуге бағытталған.
Бірақ аудит даму жобасын күшейтудің орнына қаражатты банктік депозитке орналастыру, әлеуметтік қайтарымы төмен коммерциялық жобаларға араласу тәжірибесін тіркеген.
ӘКК жобалардың тәуекелі мен тиімділігін бағаламаған
Тұрақты қаржыландыру жүріп тұрғандықтан корпорациялар залалдан шықпаған. Жыл басындағы жиынтық жиналған шығын 209 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда жеті есе өсіп отыр. Дивиденд мәселесі де «жыл сайын бір қалыпта» дегенге келмейді. Өткен жылы бюджетке 0,5 млрд теңгеден аз аударылған, 2023 жылдағы көрсеткіштен шамамен төрт есе төмен.
Жекелеген корпорацияларда аудит нақты деректер келтірді. СПК «Ертіс» инвестжоба деген атаумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй құрылысына бағыттап, одан 3,3 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталған. Ал «Aqjaiyq» ӘКК инвестжоба үшін жер алған, бірақ жер не игерілмеген, не басқа коммерциялық мақсатқа берілмеген.
Сол сияқты «Ақтөбе» ӘКК үш жылда бір жеке компанияға ірі несие берген, жалпы қолдау 11,2 млрд теңге, жобаларды іріктейтін комиссияға сол фирмамен байланысы бар адам кірген, кепілсіз несие берілген, рәсімдеуде де бұзушылықтар бар. «Семей» ӘКК жобаларды тәуекелді талдамай, тиімділігін бағаламай іріктегені белгілі болған.
Корпорациялардың тұрақтандыру қорларындағы сақтау шарттары дұрыс емес, ассортимент шектеулі, сұраныс жоқ тауарлар сатып алынған. Жалпы аудит 138 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықты, 14,5 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлауды, 33,6 млрд теңгеге бюджет пен активтерді тиімсіз пайдалануды анықтады.
Енді 14 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілмек. Аймаққа даму керек десек, бірінші кезекте ақша мен жауапкершіліктің жолын ашық көрсету қажет, әйтпесе «институт» деген атау қоғамды жұбатқанмен, нәтиже бермейді.

