Қазақстанда көп адам туысы немесе танысы үшін несиеге кепіл болуға келісіп жатады. Бірақ көп жағдайда оның нақты салдарын толық түсіне бермейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Fingramota.kz мәліметінше, кепілгер болу жай формалды қол қою емес. Бұл банк алдындағы нақты қаржылық жауапкершілік.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, кепілгер қарыз алушы несиені төлей алмаған жағдайда банк алдында жауап береді. Яғни негізгі қарыз өтелмесе, банк кепілгерден қалған соманы талап ете алады.
Сонымен қатар кепілгер субсидиарлық жауапкершілік арқалайды. Бұл оның айыппұл, өсімпұл немесе комиссия үшін емес, кепілдік келісімінде көрсетілген негізгі қарыз шегінде жауап беретінін білдіреді.
Банк бірден кепілгерге жүгіне алмайды. Алдымен қарыз алушыдан ақшаны өндіріп алу үшін барлық заңды тәсілді қолдануы тиіс. Тек содан кейін ғана кепілгерге талап қоюға құқылы.
Кепілгер кез келген адам бола алады. Ол туыс та, таныс та болуы мүмкін. Негізгі талап – Қазақстан азаматы болуы немесе елде тұруға рұқсаты болуы және қажетті құжаттарды ұсынуы.
Сарапшылар кепілгерді гарантпен және қоса қарыз алушымен шатастырмауға кеңес береді. Гарант банк алдында толық жауап береді. Яғни қарызбен бірге өсімпұл, комиссия және сот шығынын да өтеуі мүмкін. Ал қоса қарыз алушы несиелік шарттың толыққанды қатысушысы саналады және оның табысы несие сомасын есептегенде ескеріледі.
Көп жағдайда банк кепілгер сұраса, бұл қарыз алушының төлем қабілетіне күмән бар екенін білдіреді. Мысалы, табысы жеткіліксіз болуы немесе кредит тарихында мәселе болуы мүмкін.
Әрине, қарыз алушы төлемді уақытында жасап отырса, кепілгер үшін еш қиындық болмайды. Бірақ табысы азайып, төлем кешіксе, банк қарызды кепілгерден өндіруге кіріседі.
Мұндай жағдайда сот арқылы өндіріп алу процесі де басталуы мүмкін. Сондықтан кепілгер болу – өзіңіз несие алғанмен бірдей тәуекелге жақын қадам.
Кепілгер болудың қауіпті тұстары
Заңда кей жағдайда кепілгер жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Мысалы, банк несие сомасын немесе пайыздық мөлшерлемені кепілгердің келісімінсіз өзгерткен болса, қарыз басқа адамға қайта рәсімделсе немесе банк кешігу туралы кепілгерге уақытында хабар бермесе.
Кепілгер болудың тағы бір маңызды салдары – бұл сіздің жеке несиелік жүктемеңіз ретінде есептеледі. Кейін өзіңіз несие алғыңыз келсе, банк оны қосымша тәуекел ретінде қарауы мүмкін.
Егер негізгі қарыз алушы төлемей кетсе, кепілгердің де кредит тарихы бұзылады. Ал оны қалпына келтіруге бірнеше жыл кетуі ықтимал.
Сондықтан сарапшылар кепілгер болмас бұрын эмоциямен емес, салқын есеппен ойлануға кеңес береді. Өйткені «жақын адамға көмектесу» кей жағдайда өз қаржылық тұрақтылығыңызға қауіп төндіруі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







