Қазақстанда инвестиция түрінде жасалатын алаяқтық әрекеттер көбейді. Осыған байланысты киберполиция басқармасының мамандары халықты барынша сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейінгі уақытта интернетте «тиімді әрі табысы жоғары инвестиция» туралы жалған жарнамалар көбейген. Алаяқтар deepfake технологиясын пайдаланып, танымал тұлғалардың келбеті мен дауысын жасанды жолмен өзгертіп, сенімді бейнелер мен видеолар әзірлейді. Мұндай әрекетке сенген азаматтар қаскүнемдерге оңай жем болып, жиған-терген ақшасынан айырылып жатыр.
«Мереке қарсаңында адамдар эмоцияға беріліп, жылдам әрі оңай пайдаға кенелем деген оймен алаяқтардың торына тез түседі. Сондықтан күмәнді дереккөздерге сенбеуге, мұқият болуға шақырамыз», – дейді полиция қызметкерлері.
Киберполиция мамандары кез келген инвестициялық ұсынысты жан-жақты тексеруге кеңес береді. Ол үшін компаниялардың ресми сайттарына және мемлекеттік органдардың ашық дереккөздеріне жүгіну қажет.
Күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласқан дұрыс. Сандық кеңістіктегі қауіпсіздік ең алдымен азаматтардың жеке жауапкершілігі мен сыни ойлау қабілетіне байланысты.
Айта кетейік, жуырда ғана Ақмола облысында жергілікті тұрғын салық декларациясын дұрыс толтырмады деген сылтаумен алаяқтарға алданып, санаулы сағатта 2,3 млн теңгесінен айырылған еді.

