Биыл Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардың саны 15 мыңға жуықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылы елге оралған қандастардың жалпы саны 14 828 адам. Биыл квота аясында 2309 адам жұмыс күші тапшы өңірлерге бағытталған.
Олар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары және Батыс, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары.
Аталған өңірлерге барған қандастардың әрқайсысына бір рет 70 АЕК (275,2 мың теңге) көлемінде көшіп-қону субсидиясы беріледі. Сондай-ақ бір жыл бойы баспана жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу үшін ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін қаржы бөлінеді.
Биыл мемлекет тарапынан жалпы саны 1279 қандасқа қолдау көрсетілген, олардың ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұған қоса, солтүстік аймақтарға көшкен қандастардың баспана мәселесін шешу мақсатында жаңа бағдарлама қабылданды. Бағдарлама бойынша бір отбасыға тұрғын үй құнының 50%-ы, яғни 4,56 млн теңгеге дейінгі сома тегін сертификат ретінде беріледі.
Саясаткер Азамат Әміртайдың пікірінше «Лавровтың Тоқаевқа қарсы келуі тегін емес. Теріскейді қазаққа толтыру керек».

