Цифрлық даму министрлігінің бірқатар өкілеттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді елдегі банк саласы, байланыс жүйесі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина мен электронды үкіметтің ақпараттық қауіпсіздігін бақылауды ҰҚК атқарады.
Президент Тоқаев қол қойған жарлықтың маңызы бөлек. Бұдан былай аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін бақылау қызметі Цифрлық даму министрлігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өтеді.
Құжатта ҰҚК аталған міндеттер бойынша министрліктің құқықтары мен міндеттемелерінің де ресми құқықтық мұрагері болатыны жазылған.
Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзгерістерге сәйкес заңнамаға қажетті толықтырулар енгізіп, комитет өз қызметі туралы ережеге тиісті түзетулерді әзірлеп, Президентке ұсынуы тиіс.
Аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым санатына жұмысы тоқтап қалса, азаматтардың жеке деректері тарап, елдің қауіпсіздігіне, қорғаныс қабілетіне, экономикасына нұқсан келтіретін жүйелер кіреді. Олардың қатарына жылу, электр, газ бен су жүйелері, банк, байланыс және медицина салалары, өндіріс орындары, көлік жүйесі, гидротехникалық құрылымдар, құқық қорғау органдары және электронды үкімет қызметтері жатады.
Контекст
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 миллионға жуық азаматтың жеке мәліметтері интернетке тарап кеткен еді. Оның ішінде азаматтардың ЖСН-і, үй және жұмыс телефондары, тұратын және жұмыс істейтін мекенжайлары ашық жарияланған.
Цифрлық даму министрлігі деректердің таралуына мемлекеттік емес базалардағы қауіпсіздік кемшіліктері себеп болды деп мәлімдеген.
Ал ІІМ осы жылдың басынан бері Қазақстанда 40-тан аса ірі ақпараттық дерек тарау оқиғасы тіркелгенін, көп жағдайда мәліметтерді жеке компания қызметкерлерінің өзі сатқанын растаған болатын.
Бұған дейін Ertenmedia Цифрлық даму вице-министрінің өмірбаянын ақтарған. Оның ФСО дипломы бар екені белгілі болған. Шенеуніктің Ресей Федералдық күзет қызметінің (ФСО) академиясын тәмамдағаны көпшіліктің көкейінде күдік туғызған.

