Қазақстанның ірі салық төлеушілері ESG және орнықты даму талаптарын қалай орындап отырғаны туралы ESGQ рейтингтік агенттігі аналитикалық шолу жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу ESGQ сарапшылары, Қазақстан-Британ техникалық университеті және Назарбаев Университетінің профессорлары мен студенттерінің қатысуымен халықаралық әріптестік негізінде әзірлеген.
ESG-ның ашық есебін кім жасырып жүр
Зерттеу үшін компаниялардың қаржылық есептері емес, олардың ресми сайттарында және ашық дереккөздерде жарияланған ақпарат негізге алынды. Мұндай тәсіл компаниялардың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару мәселелері бойынша қоғамға ашық ақпарат ұсынуын бағалауға мүмкіндік береді.
Жобаға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша ірі салық төлеушілер тізіміне енген 356 компания қатыстырылған. Оның ішінде 85 пайызы жекеменшік секторға тиесілі, қалған 15 пайызы квазимемлекеттік ұйымдар. Компаниялар жауапкершілігі шектеулі серіктестік және акционерлік қоғам түрінде тіркелген, олар экономикадағы 20-ға жуық саланы қамтиды.
Зерттеу нәтижелері ESG туралы ақпараттың ашықтығында елеулі алшақтық бар екенін көрсетті. Компаниялардың 75 пайызы ең жоғарғы 22 балдан 7,5 балдан төмен нәтиже алды. 190 компания ESG және орнықты даму мақсаттары бойынша ақпаратты шектеулі көлемде жарияласа, 114 компания бұл туралы мүлде ақпарат ұсынбаған. Дегенмен, 52 компания ESG ақпаратын жүйелі әрі толық жариялау арқылы үздіктер қатарына қосылған.
Әлеуметтік саланың алға шығуы
Ең жоғары көрсеткіш әлеуметтік бағытта тіркелген. Компаниялар қызметкерлердің құқықтары, еңбекті қорғау, әлеуметтік жауапкершілік бастамалары бойынша жиі ақпарат берген.
Экологиялық көрсеткіштер бойынша жетекші компаниялар орташа деңгейден біршама жоғары тұр. Алайда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына үлес қосу бағыты бойынша мәлімет өте аз. Корпоративтік басқару саласындағы ашықтық деңгейі де төмен күйінде қалуда. Маңызды ақпараттар корпоративтік сайттардың түрлі бөлімдерінде шашыраңқы орналасып, түсінуге қиындық туғызады.
Салалық тұрғыда ESG талаптарын көлік-логистика (әсіресе авиация), энергетика және экология салаларының компаниялары жақсы орындап келеді. Ең төмен нәтиже бөлшек сауда және креативті индустрияларда байқалған. Сарапшылар мұның себебін бұл салалардағы компаниялардың белсенділігінің төмендігімен емес, оларға реттеушілер мен мүдделі тараптардың жеткілікті назар аудармауымен байланыстырады.
Сондай-ақ, ESGQ агенттігі Қазақстандағы ірі салық төлеушілер арасында ESG талаптарын сақтау бойынша үздік он компанияның рейтингін жариялады. Машина жасау секторында үшінші орынды ESG стандарттарына жүйелі және ашық көзқарас көрсеткен «ERG Service» ЖШС («И-Ар-Джи Сервис») иеленген. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы 2024 жылдан бастап Орталық Азия климаттық қорына демеушілік жасап, өңірлік экологиялық бастамаларды тұрақты қолдап келеді. Бұл компанияның климат пен экология мәселелеріне деген стратегиялық ұстанымын көрсетеді.
Сарапшылар ESG қағидаттарын орындау формалды міндет емес, керісінше бизнестің тұрақты дамуы, беделін сақтау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. ESGQ шолуы компанияларды ашықтық деңгейін жоғарылатуға, орнықты даму жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыруға және мүдделі тараптармен байланысты күшейтуге шақырады. Қазақстанда ESG мәдениеті қарқынды қалыптасуда. Осы салада көшбасшылық көрсеткен компаниялар алдағы уақытта маңызды артықшылықтарға ие болмақ.
Айтпақшы, Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанда микро және шағын бизнесті әкімшілік қысымнан қорғау мақсатында салық қарызын өндіріп алу тәртібі жеңілдетілгенін айтқан болатыні.

