Астанада түнгі клуб маңында болған төбелестен 18 жастағы жігіт қаза тапты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл қайғылы жағдай әлеуметтік желілерде кең тарап, қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырды. Желі қолданушыларының айтуынша, клуб сыртындағы қақтығыс кезінде жас жігіт пышақ жарақатынан көз жұмған.
Қайғылы оқиға туралы ақпаратты Астана қалалық полиция департаменті растады. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан әрекеттер» бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
«Түнгі клуб маңында жастар арасында туындаған жанжалдың арты төбелеске ұласқан. Салдарынан ауыр жарақат алған 18 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар деген күдікпен екі азаматты ұстады. Олар қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталуда. Полиция департаментінің өкілдері қала тұрғындары мен жастарға көңіл көтеру орындарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір ескертті.
Соңғы жылдары тұрмыстық деңгейдегі жанжалдың көбейіп, оның соңы қылмысқа ұласатынын көріп жүрміз.

