Қаржымин Мәди Тәкиев жаңа Салық кодексі салдарынан кәсіпкерлер жаппай шетелге кетеді деген алып-қашпа әңгімені теріске шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа Салық кодексі енгізілген соң бизнес Қазақстаннан басқа елдерге ауысып кетеді деген пікірлер негізсіз.
«Жоқ, ондай жаппай көшу болмайды. Мұның бәрі қолдан құралған дақпырт деп санаймын. Басқа елдерде салық төмен, шарты жеңіл деп кім айтты? Ондағы салық шарттары да, айналым мөлшері де біздегімен шамалас. Айтарлықтай артықшылық жоқ», – деді Мәди Тәкиев Мәжілісте.
Министр қазақстандық бизнес шетелге барып тіркелген күннің өзінде, кәсіпкерге қосымша салық міндеттемесі туындауы мүмкін екенін атап өтті.
«Бизнес шетелге кеткен жағдайда да, салық төлеушінің тұрғылықты мекені, негізгі табыс көзі Қазақстанда қалатын болса, онда оған қосымша салық міндеттемелері жүктеледі. Яғни кәсіпкер сырт елге кеткенімен, бәрібір Қазақстанға салық төлеуге мәжбүр болады», – деп түсіндірді министр.
Қаржы министрінің пайымынша, қазақстандық бизнес үшін басқа елге ауысудың экономикалық тұрғыдан еш тиімділігі жоқ.
«Меніңше, кәсіпкерлер үшін шетелге кету экономикалық жағынан тиімсіз шешім болады», – деп түйіндеді Тәкиев.
Айта кетейік, бұған дейін Мемкірістер комитеті шетелде жүріп табыс тапқан қазақстандықтар өз бетімен 10 пайыздық жеке табыс салығын есептеп, Қазақстан бюджетіне төлеуі тиіс екенін хабарлаған.
Тәкиев әзірде ғана мобильді аударымдар туралы тың мәлімдеме жасаған еді. «Әрбір теңге есепте», — деп отыр министр.

