Германияның Гельзенкирхен қаласындағы Sparkasse банкінің бөлімшесін қарақшылар тонап, 30 миллион еуроны қолды қылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тонау барысында банк ғимаратында орналасқан 3200 сейфтің шамамен бәрі дерлік бұзылып, салдарынан 2500-ден астам адам зардап шекті.
Қазірдің өзінде сарапшылар бұл оқиғаны Германия криминалдық полициясы тарихындағы ең ірі тонаулардың бірі деп бағалап отыр. Нақты шығын көлемін анықтау әзірге мүмкін емес. Өйткені, банктер, әдетте, сейф ішіндегі заттарды бақыламайды. Ал клиенттер ол жерде көбіне ақша, алтын бұйымдар мен бағалы заттарын сақтайды.
Қарақшылық шабуыл дүйсенбіге қараған түні, 29 желтоқсанда анықталған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері өрт дабылының іске қосылуына байланысты келген. Тергеушілердің болжамынша, қарақшылар ғимаратқа көрші орналасқан автотұрақ арқылы кіріп, бірнеше бөлменің қабырғасын тесіп өткен. Арнайы қуатты бұрғылау құралын пайдаланып, олар сейфтер орналасқан бөлмеге жеткен.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде бірнеше күдікті азамат автотұрақтағы баспалдақ алаңында үлкен сөмкелермен жүрген. Бейнебақылау камералары да қылмыс орнында жүрген белгісіз қара түсті көлікті жазып алған. Тергеу барысында көліктегі нөмірдің Ганновер қаласында ұрланғаны анықталды.
Оқиға салдарынан алаңдаған клиенттер банк алдына жиналған. Алайда банк басшылығы ресми сайт арқылы әзірге бөлімшеге келмеуді сұрап отыр. «Қазіргі уақытта сақтандыру компаниясымен келісе отырып, клиенттерге келтірілген зиянды өтеудің ыңғайлы жолдарын қарастырудамыз», – делінген банк мәлімдемесінде.
Айтпақшы, елімізде несие, коллектор және QR-кодтағы маңызды өзгерістер орын алды.

