2026 жылы ел күтетін жаңалықтың көбі қалтаға салмақ салатын өзгерістер, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жыл бастала салысымен айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге дейін өседі. Бұған дейінгі 3 932 теңгеден бірден 393 теңге артқалы тұр. Соған сай, әлеуметтік төлемдер айыппұлдар мен құжат рәсімдіу шығындары да өседі.
Мысалы, ең төменгі зейнетақы көлемі 69 049 теңгеге жетеді, базалық зейнетақы 35 596 теңге болады. Жалпы алғанда, үкімет есебіне сәйкес зейнетақылар кемі 10 пайызға ұлғаяды.
Айыппұл сізді аңдып тұр
Жол ережесін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұлдар да көбейеді. Енді жылдамдықты шамалы арттырғандардың өзі кемі 21 мың теңгеден астам айып төлейді. Қоғамдық орындарда тәртіп бұзсаңыз, айыппұл сомасы 86 мың теңгеден асады.
Құжат рәсімдеу де қымбаттай түседі: паспорт алудың ең арзаны 34 600 теңге, ал жүргізуші куәлігі үшін 5 мың теңгеден астам төлеу қажет болады.
Жаңа Салық кодексінен не күтеміз?
Ел экономикасына әсер ететін тағы бір маңызды жаңалық жаңа Салық кодексінің қолданысқа енуі. Осыған байланысты қосылған құн салығының мөлшері 16 пайызға көтеріледі. Сарапшылар өзгеріс тұрғын үй нарығын қымбаттатады деп отыр.
Жұрт арасында жүргізілген сауалнамаға қарағанда, азаматтар жаңа салық ережесінің кесірінен күнкөріс сапасы төмендеп, шағын бизнестің жағдайы қиындайды деп алаңдайды.
Кейбір экономистер осының салдарынан шағын және орта бизнестің біраз бөлігі жабылып қалуы мүмкін деген болжам айтты.
Кодекстегі жаңа талап бойынша, айналымы 43 млн теңгеден асқан кәсіпкер міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркеледі. Сонымен қатар, 800-ге жуық бизнес түрі бұдан былай жеңілдетілген декларация жүйесін пайдалана алмайды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық жүйесі іске қосылады. Оған киім жөндеуден бастап, такси қызметіне дейінгі 40 түрлі кәсіп түрі кіреді.
Біреуге ақша аударғанда мұқият болыңыз
Бүгіннен бастап мобильді аударымдар да қатаң бақылауға өтеді. Үш ай ішінде бір адамға 100-ден астам адамнан ақша аударылып, ол қаражат 12 ең төменгі жалақы көлемінен асса, банктер мұны салық органдарына хабарлайды.
Мұндай жағдайда азамат не кәсіпкер ретінде тіркелуі керек, не түскен ақшаның кәсіпке қатысы жоқ екенін дәлелдеуі қажет.
2026 жылдан саудамен айналысатын кәсіпкерлер Ұлттық тауар каталогына тіркелуге міндеттеледі. Бұл – әр тауардың электронды паспорты. Тіркелмеген кәсіпкер электронды шот-фактура рәсімдей алмайды. Сонымен бірге биржа брокерлері мен клиринг орталықтарының жұмысы лицензияланып, жаңартылмаған базарлардың жұмысы сот шешімімен тоқтатылуы мүмкін.
Саясат? 2026 жыл ауқымды науқандардан аулақ жүретін сыңайлы. Тек парламентті бір партиялы жүйеге көшіру жөнінде референдум өтуі ықтимал. Мәжілісте қазірдің өзінде сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу қаралып жатыр. Олардың қатарында мемлекеттік қызметке келетін үміткерлердің жауапкершілігін күшейту, әлеуметтік желі мен интернеттегі үгіт-насихатты реттеу мәселесі бар.
Бүгіннен бастап күшіне енетін өзгерістер қазақтардың өмірін қалай өзгертері уақыт еншісінде. Әзірше бұл жаңалықтарды жұрт тек күтіп отыр. Айтқандай, президент Тоқаев Жаңа жылдық құттықтауында жастар арнап әсерлі үндеу жолдаған.

