Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынды жүргізген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы парламенттік реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғырудың жалғасы екенін атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы төрт жыл ішінде жүзеге асырылған саяси реформалар мемлекеттің институционалдық орнықтылығын нығайтып, саяси жүйені заманауи талаптарға сай бейімдеуді көздейді.
Жұмыс тобы былтыр қазан айында Президент өкімімен құрылған болатын. Осы уақыт ішінде парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты қоғам өкілдері мен сарапшылардан 500-ден астам ұсыныс келіп түсті. Жұмыс тобының отырыстарында жаңа Парламентті қалыптастыру, заң шығару үдерістерін жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылуда.
Бұл жолы Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан арнайы платформа арқылы халықтан келіп түскен ұсыныстар жөнінде жинақталған ақпаратпен бөлісті. Ал Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің мемлекеттік биліктің басқа институттарымен өзара іс-қимылына қатысты әзірленген тәсілдерді таныстырды.

Жұмыс тобының мүшелері Азат Перуашев, Марат Шибұтов, Елнұр Бейсенбаев, Марат Башимов, Индира Әубәкірова, Асхат Рахымжанов, Алуа Ибраева, Үнзила Шапақ, Қарлығаш Жаманқұлова, Ерлан Сәрсембаев парламенттік реформаның тиімділігі мен алдағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында Ерлан Қарин парламенттік жүйені жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды жан-жақты талдап, нақты тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Жұмыс тобының келесі отырыстарында бұл мәселелер кезең-кезеңімен талқыланатын болады.
Ерлан Қарин бұған дейін де Ұлттық құрылтай мүшелеріне президенттік реформалардың маңыздылығы мен нәтижелері туралы айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

