Қазақ ұлттық университетінің оқу корпустары мен жатақханаларының шатырларына инвестор есебінен күн панельдері орнатылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңғырту жұмыстары аясында шатырлар толықтай жаңартылды. Тозған жабындылар алынып, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қоқыстар шығарылып, қара қағаз төселді. Жаңартылған суағар жүйелері орнатылып, жауын-шашыннан қорғаныс күшейтілді.
Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайды. Ең маңыздысы, бұл ауқымды жұмыстар университет бюджетіне ешқандай салмақ түсірмей, инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылды.
Университеттің энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 994 кВт болатын 1390 күн панелі орнатылды. Олар жылына 3,39 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл ҚазҰУ-дың қазіргі энергия тұтынуының 35 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын күн панельдерінің көмегімен университет жыл сайын электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 111 млн теңгеден астам үнемдейді.
Қазірдің өзінде Экономика және бизнес жоғары мектебі, журналистика, заң, тарих, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология, медицина және денсаулық сақтау, филология факультеттерінің ғимараттары мен бірқатар студенттер үйінде күн панельдері толық орнатылып бітті.
Мамандардың есебінше, жабдықтардың қызмет ету мерзімі мен өтелу кезеңі ескерілген жағдайда, келесі 20 жылдағы жобаның жалпы экономикалық тиімділігі 2 миллиард теңгеден асып түседі.
Болашақта университеттің электр энергиясына деген сұранысы 2030 жылға қарай екі есе артып, 18 миллион кВт/сағаттан асатыны болжануда. Осы тұрғыда күн панельдері университеттің энергия қажеттілігінің басым бөлігін баламалы жолмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл бастама университетке тұрақты әрі экологиялық таза энергия көздерін пайдалануға, сондай-ақ оқу ордасының инновациялық имиджін нығайтуға жол ашады. Алдағы уақытта ҚазҰУ қалашығындағы барлық факультеттер мен жатақханалар кезең-кезеңімен күн панельдерімен қамтамасыз етілмек.
Қазақ ұлттық университетінде Қырғызстанның тұңғыш президенті, РҒА академигі, профессор Асқар Ақаев жиі дәріс оқып тұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

