Әр ұлттың маңдайына біткен тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дінмұхамед Ахметұлының тұлғасы қазақ тарихының жарқын парақтарының бірі ғана емес, тұтас бір дәуірдің келбетін айқындайтын айшықты белгісі. Өзіне артылған сенім мен жауапкершілік жүгін адал атқарып, елдің болашағы үшін аянбай қызмет еткен абзал азаматтың еңбегі уақыт өткен сайын биіктей бермек. Оның үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атануы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі дәрежесіне жетуі, техника ғылымдарының докторы атануы өзінің ерен еңбегі мен халыққа жасаған қызметінің айқын көрінісі.
Ол басқарған тұста қазақ даласы өндірісті өркендетіп, ғылым мен білімді биікке көтеріп, мәдениеті мен өнері әлемдік деңгейде танылды. Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, еліміздің әр түкпірінде жаңа қалалар мен елді мекендер бой көтерді. Димаш Ахметұлының еліміз үшін жасаған жақсылығы мен игі істерін санамалап шығу мүмкін емес. Ол қарапайым еңбек адамына деген құрметін ешқашан жоғалтпай, кісілігі мен кішілігінен бір сәт те айнымаған асыл азамат еді.
Димекең туралы ел ішінде айтылатын әңгімелердің бірі оның зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі қарапайымдылығы жайлы. Бірде оған «визитка» әзірлеу қажеттігі туындағанда, өзінің аты-жөнінен соң бар болғаны «Тау-кен инженері» деп қана жаздыртыпты. Бұған таңғалған замандастары:
– Димеке, мұныңыз қалай? Сіздің атақ-дәрежеңіз, алған марапаттарыңыз қаншама. Лауазымды қызметтеріңізді неге жаздырмадыңыз? – дегенде, Димаш Ахметұлы:
– Оның бәрі уақытша ғана ғой. Ал «Тау-кен инженері» өмірлік нәрсе, – деп қысқа қайырған екен.
Міне, шын мәнінде ұлылықтың үлгісі. Атақ-абыройдың бәрі өткінші, ал адамның өз кәсібіне, ісіне, халқына адалдығы мәңгілік. Димекең осы бір ғана әрекеті арқылы қарапайымдылықтың, кісіліктің, парасаттың қандай болатынын көрсетіп кеткен жан.
Қазақтың біртуар ұлының есімі жылдар өтсе де халық жүрегінен өшпейді. Димаш Ахметұлы Қонаевтың бейнесі халқымыздың ар-намысы мен адалдығының символы, елдік пен ерліктің өлшемі болып мәңгі жасай бермек. Осындай тұлғаларымызды ұлықтау біздің парызымыз әрі қасиетті міндетіміз.
Тарих бетінде есімі алтын әріппен жазылған тұлғаның рухы пейіш төрінде шалқысын! Әрдайым Қонаевтың жолымен жүріп, оның өнегесін бойымызға сіңіріп, ел мен жер үшін адал қызмет етуге жазсын!
Айтпақшы, кеше Мейрамбек Беспаева кеше Мақпал Жүнісованы туған күнімен құттықтап, жырдан шашау шашқанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

