Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең күрделі міндеттің бірі мемлекеттік шекараны анықтап, оны халықаралық деңгейде заңдастыру болғаны белігіл. Ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын мемлекеттік шекараны қалыптастыру үшін еліміз көрші мемлекеттермен ұзақ келіссөз жүргізіп, шекара күзетінің дербес жүйесін құрды. Генерал-майор, Шекара қызметінің ардагері Марат Мәжитов Ertenmedia.kz сайтына берген сұхбатта алғашқы шекара әскерінің құрылуы, даулы аумақтардың шешілуі және шекара бойындағы халықтың өмірінде болған өзгерістер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Марат мырза, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның шекара қауіпсіздігі қандай жағдайда болды? Өз алдымызға дербес шекара қызметін құру қаншалықты қиынға соқты?
– Тәуелсіздік алған кезде еліміздің алдында аса жауапты міндет тұрды. Кеңес Одағы тарағанымен, шекараны күзететін ұлттық жүйе толық қалыптаспаған еді. 1992 жылдың тамызында Шығыс шекара округінің негізінде Қазақстанның шекара әскері құрылды. Алайда кең-байтақ аумақтың барлық шебін күзетуге тәжірибе де, қажетті инфрақұрылым да жеткіліксіз болатын.
Бізге кадр дайындау, заставалар құру, техникалық жабдықтау мәселесін қатар шешуге тура келді. Кейін Шекара қызметінің құрылымы бірнеше мәрте өзгерді. Ол дербес құрылым ретінде де жұмыс істеп, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағында да болды. Қазіргі ҰҚК құрамындағы ведомстволық жүйені ең тиімді әрі дұрыс шешім деп есептеймін.
– Мемлекеттік шекараны халықаралық деңгейде бекіту ұзақ уақытқа созылды. Әсіресе Қытаймен арадағы аумақтық келіспеушіліктер қалай шешілді?
– Шекараны әскери күшпен күзету бір мәселе, оны құқықтық тұрғыдан бекіту мүлде бөлек міндет. Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қытаймен арада екі даулы аумақ қалған болатын. Оларды шешу үшін екіжақты мемлекетаралық комиссия құрылды.
Дипломаттар мен арнайы мамандар әрбір аумақтың құқықтық мәртебесін мұқият қарастырды. Келіссөздерде тарихи құжаттар мен картографиялық материалдар пайдаланылды. Нәтижесінде мемлекеттік шекараның нақты сызығын айқындауға мүмкіндік туды.
Тиісті келісімдер жоғары мемлекеттік деңгейде жасалып, екі елдің парламенттері арқылы бекітілді. 1998 жылы Қазақстан Қытаймен шекара мәселесі бойынша келіссөздерді аяқтады.
– Қытайдан кейін өзге көрші мемлекеттермен келісімдер жасалды. Осы дипломатиялық жұмыстың Қазақстан тәуелсіздігі үшін тарихи маңызын қалай бағалайсыз?
– Мемлекеттің аумағы нақты айқындалмайынша, оның қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейді. Сондықтан шекараны халықаралық деңгейде бекіту тәуелсіздікті нығайтудың негізгі шарты болды.
Қытаймен келіссөздер аяқталғаннан кейін Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен тиісті келісімдер жасалды. Ресеймен мемлекеттік шекара туралы шартқа 2005 жылы қол қойылды. Осылайша Қазақстан барлық құрлықтағы көршісімен мемлекеттік шекарасын шарттық негізде айқындады. Мұның артында көптеген қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған дипломаттардың ұзақ жылғы еңбегі жатыр деп нық сеніммен айта аламын.
Шекараның халықаралық деңгейде мойындалуы аумақтық тұтастыққа құқықтық кепілдік берді. Мен мұны тәуелсіз Қазақстанның ең ірі тарихи жетістігінің бірі санаймын.
– Шекараның нақты белгіленуі шекаралас ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне де әсер етті. Сол кезеңде халық қандай қиындықтарды бастан өткерді?
– Шекараны белгілеу картадағы сызықты анықтаумен аяқталмайды. Оның ар жағында адамдардың тағдыры, қалыптасқан тұрмысы мен туыстық байланысы тұрды.
Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы ауылдардың тұрғындары бір-бірімен еркін араласуға үйренген еді. Бір елде тұрып, екінші елдегі мектепке баратын балалар болды. Кей ауыл электр қуатын Қазақстаннан, ал суды Өзбекстаннан алып отырды.
Кейін шекара бекітіліп, өткізу тәртібі енгізілгенде осы байланыстарды қайта ұйымдастыру қажеттігі туды. Бұрын көрші ауылға тікелей баратын адам енді ондаған шақырым жердегі өткізу бекеті арқылы өтуге мәжбүр болды. Сондықтан мемлекет шекара қауіпсіздігімен қатар, тұрғындардың жаңа жағдайға бейімделуін де ескеруге тиіс еді.
– Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 15 мың шақырымнан асады. Отыз бес жылдық тәжірибеге сүйенсек, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай жетістікке қол жеткіздік?
– Отыз бес жыл ішінде Қазақстан шекараны күзетудің толыққанды ұлттық жүйесін қалыптастырды. Алғашқы кезеңдегі басты міндет шекара әскерін құрып, мемлекеттік шепті бақылауға алу болатын. Кейін заставалар салынып, жолдар жүргізіліп, инженерлік қорғаныс нысандары орнатылды. Шекараны бақылаудың техникалық құралдары мен байланыс жүйесі де біртіндеп жетілдірілді.
Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету кәсіби даярлықты, заманауи технологияны және тұрақты халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Шекарашының міндеті заңсыз өтуді тоқтатумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік егемендікті қорғап, елдің аумақтық тұтастығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сондықтан мемлекеттік шекараны қалыптастыру тарихы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тікелей байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







