Ақтөбе облыстық соты 14 жастағы оқушы Нұржан Сыдықтың қазасына қатысты үкімді қайта қарап, колонияға жіберілген үш сотталушының жазасын шартты мерзімге ауыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Диапазон» дерегінше қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Қопа ауылында болған. Жоғары сынып оқушылары өздеріне «сый-құрмет көрсетпеді» деген желеумен тоғызыншы сынып оқушыларын аяусыз ұрып-соққан.
Осы жанжалдан кейін Нұржан ауыл шетіндегі қараусыз моншаның маңында жан тапсырған күйінде табылған еді.
Оқиғаға қатысы бар деген алты жеткіншекке қатысты сот ісі бір жылға созылып, 2025 жылы қазанда үкім шыққан. Алғашқы сот үкімі бойынша үш жасөспірімнің еркіндігі шектеліп, қалған үшеуі абақтыға жіберілген. Оларға бұзақылық және абайсызда өлімге әкелген ауыр дене жарақатын қасақана салу баптары бойынша айып тағылған.
Алайда, тараптар алғашқы үкімге келіспей, облыстық сотқа шағым түсірген. Қайта қаралған істе сот алқасы жазаны жеңілдетіп, абақтыдағы үш жасөспірімді шартты түрде босатты. Дегенмен, олар әлі де арнайы бақылауда болып, жүріс-тұрыстарына белгілі шектеу қойылған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі шешімге сотталушылардың кінәсін мойындап, шын өкінгені, марқұмның туыстарымен медиациялық келісім жасағаны, сондай-ақ жәбірленуші жақтың өздері жазаны жеңілдетуге өтініш білдіргені себеп болғанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

