Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жалған бейне және аудиоматериалдарды жасаудың шариғатқа қайшы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мүфтият бүгін дипфейк технологияларына байланысты арнайы пәтуа шығарды. Діни басқарма ислам діні қоғамның игілігіне, әділет пен ізгілікке қызмет ететін ғылыми-техникалық дамуды қолдайтынын
алайда жалған видео-аудио өнімдердің таралуы алдау мен жала жабуға себеп болатынын атап өтті.
«Дипфейк технологиясы арқылы адам айтпаған сөздер мен жасамаған іс-әрекеттерді оған таңып, жалған ақпарат таратылады. Мұндай дүниелер адамның абыройына нұқсан келтіріп, қоғамда үрей туғызуы, тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Ислам мұны анық жалғандық деп таниды, қандай да бір адамға зиян келтіру, тіпті әзілдеп болса да, шариғатта қатаң тыйым салынған», – делінген Діни басқарманың мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, пәтуа әлеуметтік желідегі жазылушылар санын көбейтуге қатысты мәселеге де тоқталған.
Мүфтияттың айтуынша, тірі әрі шынайы қолданушылардың санын ақылы жолмен көбейтуге ислам тыйым салмайды, бірақ жалған аккаунттар мен боттарды пайдалануға рұқсат жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Діни басқарма халал коллаген мен киберспортқа қатысты пәтуа жариялаған еді. Мүфтият рұқсат етілген малдан алынған коллагенді қолдануға болады деген шешім шығарды. Ал киберспортқа қатысты жарыстарға құмар ойындар мен зиянды контент болмаған жағдайда, сондай-ақ құлшылық, оқу мен жұмысты кейінге қалдырмау шартымен рұқсат берілген.
Бұған дейін атышулы Қайрат Сатыбалдының тоқалы елге үндеу жолдап, Тоқаевтан көмек сұраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

