Астана ресми түрде Еуропалық қолжетімді туризм желісіне European Network for Accessible Tourism (ENAT) қосылды. Осылайша елорда ТМД елдері арасында бұл желіге мүше болған алғашқы қала атанды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәртебе Астанада мүгедектігі бар азаматтар мен қала қонақтары үшін инклюзивті әрі қолжетімді орта қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмысты халықаралық деңгейде мойындаудың белгісі саналады. Қала әкімдігінің дерегінше, бүгінде елордада шамамен 43 мың мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 31 мыңы ересек, 12 мыңы балалар. Осы көрсеткіштер инфрақұрылым мен қызмет көрсету салаларында түбегейлі өзгерістер жасау қажеттігін алға шығарған.
«Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вячеслав Пак Астананың инклюзивтілікке қатысты бағытын атап өтті. Оның айтуынша, қала жаңа технологияларды, білім беру тетіктерін және әлеуметтік жауапкершілікті ұштастыра отырып, қолжетімді ортаны заманауи стандарттарын қалыптастыруда.
Қала ішінде еркін қозғалу өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Осы бағытта 2014 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізушілері мүгедектігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша халықаралық стандарттарға сай оқытылып келеді. Нәтижесінде бүгінде қоғамдық көліктің 92,6 пайызы, яғни 1750 көліктің 1600-ден астамы пандустармен жабдықталған.

Мәдени кеңістіктің қолжетімді болуы да басым бағыттардың қатарында. Астана қалалық және ұлттық музейлерінде аудиогидтер, сенсорлық экрандар, ымдау тіліндегі көрсеткіштер, Брайль қарпімен берілген экспонат сипаттамалары орнатылған. Музей қызметкерлері арнайы даярлықтан өткен. Елордадағы Astana Opera театры инклюзивті стандарттарға сай жобаланған. Мұнда пандустар, арнайы лифтер, кеңейтілген есіктер мен мүгедектігі бар көрермендерге арналған аймақтар қарастырылған.
Туризм саласында да қолжетімділік қағидаты жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Қалада мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы туристік маршруттар әзірленген. Олар Нұржол желекжолын, Ботаникалық бақты, Тәуелсіздік алаңын, ескі қаланы және Есіл өзенінің жағалауын қамтиды.
Медициналық туризм бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанда халықаралық комиссия аккредитациясынан өткен 25 клиника бар, соның жетеуі Астанада орналасқан. Ерекше атап өтер нысандардың бірі – Ұлттық балалар реабилитациялық орталығы. Мұнда жыл сайын 4200 балаға кешенді медициналық көмек көрсетіледі.
ENAT желісіне қосылу Астананың инклюзивті даму жолындағы нақты қадамдарын бекітіп қана қоймай, қала тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

