Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаралы хабарды қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жеткізіп, марқұмның отбасына, туған-туыстарына және күллі мұсылман жұртшылығына көңіл айтты.
«Жақында ғана үйіне барып, жағдайын сұрап, батасын алған едік. Алайда қадірлі ақсақалымыздың ғұмыр керуені соңғы аялдамаға жетті. Алла ол кісінің мәңгі мекенін жәннат еткей», – деп жазды ол.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы тәуелсіздік алған жылдары Қазақстандағы діни өмірдің жаңғыруына ерекше еңбек сіңірген тұлға еді.
1990-жылдардың басында елімізде мешіттер қайта ашылып, халықтың діни дәстүрлері жанданып, мұсылман мемлекеттерімен байланыс нығайды.
Рәтбек қажының тікелей бастамасымен ел аумағында 30-дан астам мешіт салынды. Ол халықты рухани ағарту мен имамдарды дайындау ісіне көп көңіл бөлді. Бұл кезең ислам дінінің негіздері қайта жаңғырған, көпшілік рухани құндылықтарды қайта ашқан уақыт ретінде есте қалды.
Рәтбек қажы Нысанбайұлын бірнеше буын діни қайраткерлердің ұстазы әрі ақылшы ақсақалы санайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

