Түркістан облысында 70 жастағы әкесін көше ортасында ұрып-соғып, жерге сүйреген азамат бес жылға сотталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиғаға кінәлі деп танылған 41 жастағы Алмас Садақбаев ұзақ уақыт бойы өз әкесіне қол көтеріп келген. Ауру меңдеген қарт 2020 жылдан бері жүріп-тұрудан қалып, өзін қорғауға шамасы жетпеген.
Сот сараптамасы марқұмның денесінен ауыр соққылардың ізін анықтап, жүйелі психикалық қысым көргенін де растаған.
Көршілерінің айтуынша, әкені азаптаудың талай көрінісі олардың көз алдында болған. Тіпті бір сәтте қарияны ұлы жерге жығып, аяусыз ұрғанын көршілері бейнежазбаға түсіріп алған. Бейнежазбада ер адамның ауру әкесін жермен сүйреп, ұрып-соғып, үстінен айқайлап жатқаны көрінеді.
Дәлел ауыл әкімдігіне тапсырылғанымен, дер кезінде шара қабылданбаған. Ақыры осы оқиғадан соң көп ұзамай қария қайтыс болған.
Сот шешімінде Садақбаев әкесінің дәрменсіздігін біле тұра денсаулығына қасақана зиян келтіргені (ҚР ҚК 107-бабы, 2-бөлімінің 3-тармағы) және оны ұзақ уақыт бойы азаптағаны (ҚР ҚК 110-бабы, 2-бөлімінің 1-тармағы) дәлелденген.
Айыпталушы бұрын сотталмаған, кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінген және кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені ескеріліп, оған бес жыл жаза кесілді. Прокурор 6 жыл 2 ай мерзім сұраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

