Түркістанда Қазақстан имамдарының білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институты ашылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және қала жұртшылығы қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі президент Тоқаевтың дәстүрлі исламды дәріптеп, оның ғылыми-теориялық негіздерін нығайту туралы тапсырмасына ерекше тоқталды.
«Президентіміз ұлттық дүниетанымымызға сәйкес дәстүрлі исламды кеңінен насихаттау керектігін және оның ғылыми негіздерін дамытудың маңызын атап өткен болатын. Сол мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, бүгін діни сала қызметкерлерінің білімін тереңдетуге арналған Ислам институтын ашып отырмыз.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған институттың бой көтеруіне ерекше үлес қосқан «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеушілерге және осы игі істің бастауында тұрған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғысым шексіз.
Мұндай білім шаңырағының дәл осы Түркістанда ашылуы заңдылық әрі тарихи сабақтастық. Институт қабырғасында Ахмет Ясауи ілімдері терең зерттеліп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдар біліктілігін арттырады», – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын барысында облыс әкімі аймақ имамдарының игілігі үшін су жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.
Шараға қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен жүздесіп, оларға арнайы дәріс оқып, діни білімнің маңызын тілге тиек етті.
Айта кетерлігі…
Бүгінде Түркістан облысында 745 мешіт жұмыс істеп тұр, ал діни қызметкерлердің саны 1400-ден асады. Жаңадан ашылған Ислам институтының жалпы аумағы 1250 шаршы метр. Оқу ғимараты бір мезгілде 90 шәкіртке білім беруге қауқарлы. Мұнда 40 орындық заманауи кітапхана, 1250 шаршы метрлік жатақхана және 45 орындық асхана бар.
Жиын соңында қатысушылар облыс әкімдігіне және демеушілік танытқан азаматтарға алғысын білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

