Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) бірден сегіз сатыға көтеріліп, 24-орыннан 16-орынға шықты. Осылайша еліміз тарихта тұңғыш рет әлемнің ең үздік 20 елінің тізіміне және жоғары рейтингтік топқа ресми түрде енді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
БҰҰ баяндамасында Қазақстанның көрсеткіші көшбасшы елдер арасындағы ең айрықша серпілістердің бірі ретінде бағаланды. Осы нәтиженің арқасында мемлекетіміз аймақ бойынша осындай биік межеге жеткен бірінші ел атанды.

Әлемнің ең озық цифрлық елдерінің тобында
Ең жоғары рейтингтік сынып электрондық үкіметі барынша дамыған әлемдегі 21 мемлекетті біріктіреді. Енді Қазақстан бұл деңгейде Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ секілді технологиялық державалармен иық тірестіріп тұр. Аталған мәртебелі топқа биыл бар-жоғы үш жаңа мемлекет қосылды: Қазақстан, Ирландия және Польша.
Соңғы екі жыл ішінде еліміз бұған дейін алда келе жатқан Швеция, Германия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапония сынды алпауыттарды артқа тастады.
Қазақстанның индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті (әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675). Нәтижесінде цифрлық мемлекеттің жаһандық эталоны саналатын Эстониямен арадағы алшақтық екі жылда төрт есеге қысқарды.
ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан тағы да көш басында нық тұр. Жаһандық тізімде Өзбекстан 32-орынға, Әзербайжан 38-орынға, ал Ресей 50-орынға орналасқан.
Инфрақұрылымдық серпіліс және адам капиталы
Рейтингтегі бұл өсім барлық негізгі бағыттар бойынша тіркелді. БҰҰ байланыс сапасының артқанын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша республикамыз әлемде 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі жөнінен Эстониямен теңесті.
Азаматтардың цифрлық сауаттылығы шамамен бір жарым есеге артты. Ал білім мен біліктілік деңгейі бойынша еліміз 42-орыннан 28-орынға дейін көтерілді. Сонымен қатар БҰҰ сарапшылары Қазақстанның цифрлық үкіметке арналған құқықтық базасына ең жоғары баға берді.
Баяндамада Орталық Азия өңірі жаһандық табыстың басты оқиғаларының бірі ретінде танылды. Мұнда eGov.kz және eGov Mobile экожүйелері біріктірілген цифрлық мемлекет үлгісі, ал халықаралық alem.ai орталығы білім, зерттеу және қолданбалы жасанды интеллект алаңы ретінде арнайы аталды. Отандық суперкомпьютер де әлемдегі ең қуатты жүз жүйенің тізіміне кірді.
«Рейтинг – түпкі мақсат емес»
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл жетістік Мемлекет басшысының елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудың негізгі құралы ету тапсырмасының жүйелі нәтижесі екенін жеткізді.
«Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес, бұл – ауқымды жүйелі жұмыстың жемісі. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналу бойынша нақты бағдар берді. Нәтижеге жекелеген жобалар емес, дәл осы жүйелілік жеткізді, өйткені БҰҰ жеке сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды. Жасанды интеллектке жасалған ставка өзін толық ақтады: ол бюрократияны өз мойнына алып, адамға стратегиялық немесе шығармашылық міндеттерге уақыт қалдырады. Біздің келесі міндетіміз – азамат оны есіне алмай тұрып көмекке келетін проактивті мемлекет құру», – деп атап өтті цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Соңғы кезеңде Қазақстанда жаңа буын eGov платформасы заманауи технологиялар негізінде толықтай қайта құрылды. Мемлекеттік дерекқорлар өзара кіріктіріліп, азаматтардың анықтама жинап, құжат сканерлеу қажеттілігі толық жойылды. Мемлекеттік қызметтер адамның қажеттілігін алдын ала анықтайтын жаңа деңгейге көшірілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







