Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы сатып алу-сату белсенділігі күрт бәсеңдеп, жыл басынан бері жасалған мәмілелер саны өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға жуық қысқарып кетті. Тұрғындардың нақты табысы мен қымбаттаған шаршы метр құнының арасындағы алшақтық рекордтық деңгейге жетіп, күзгі дәстүрлі жанданудың орнына нарық терең тоқырауға тап болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, биылғы он айдың қорытындысы бойынша елімізде барлығы 328 521 тұрғын үй мәмілесі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 мыңға жуық аз.
Сұраныстың күрт құлдырауына қарамастан, алып құрылыс компаниялары шаршы метрдің ресми бағасын төмендетуге асығар емес. Девелоперлер бұған дейін құрылыс материалдарының қымбаттағанын, логистикалық шығындар мен жұмысшылардың жалақысын алға тартып, бағаны жоғары деңгейде ұстап тұруға тырысып келеді.
Жасырын жеңілдіктер мен баға стагнациясы
Құрылыс алпауыттары бағаны ресми түрде арзандатудың орнына жасырын жеңілдіктер ұсынуға көшкен: автотұрақты тегін қосып беру, ұзақ мерзімді бөліп төлеу акциялары немесе пәтерді жөндеп беру секілді амалдар жасауда. Себебі ресми прайсты түсіру олардың банктер алдындағы кепілдік мүлкінің құнын азайтып, жаңа несие алуын қиындатады.
Екінші нарықтағы баспана иелері де жаңа үйлердің бағасына қарап, ескі пәтерлерін арзандатқысы келмей отыр. Соның салдарынан сатушы мен сатып алушы арасында үлкен психологиялық әрі қаржылық алшақтық қалыптасты.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл тоқырау мәңгі созыла алмайды. Құрылыс компаниялары салған үйлерін ұзақ уақыт бос ұстап, коммуналдық және банктік қарыздарға батпас үшін кезең-кезеңімен нақты бағаны халықтың нақты табысына қарай түсіруге мәжбүр болады. Баспана бағасын жасанды түрде ұстап тұрған көпіршіктің жарылуы уақыт еншісінде ғана тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







