Шығыс Қазақстан облысының ең шеткі нүктесі саналатын Шанағатты ауылында күн райы -56 градусқа дейін суытып, елді мекен тұрғындары ақ қар, көк мұздың ортасында қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ustinka-ның дерегінше Марқакөл ауданына қарасты шағын ғана ауыл сай табанында орналасқан. Бұл жердің қысын қатал деудің өзі жеткіліксіз. Қазір ауылдағы 25 үйде небәрі 59 адам тұрады.
Шағын елді мекенде бастауыш мектеп, медициналық пункт, дүкен және интернет байланысы бар.
Бесінші сыныптан бастап оқушылар білім алу үшін 30 шақырым қашықтағы Тосқайың ауылына қатынап оқиды.
«Алақандай ауылымыз облыстың қиыр шетінде орналасқандықтан, аяз бен боранға халық әбден көндіккен. 1969 жылы тіпті -62 градус суықты да көрген. Қазіргі жағдай тұрақты, жұрттың көңіл-күйі қалыпты. Дегенмен, кез келген уақытта көмекке келуге дайынбыз, жағдайды жіті бақылап отырмыз», – дейді Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев.
Бұған дейін синоптиктер алдағы үш тәулікте Астана, Алматы және Шымкентте де қатты аяз, қалың қар және тұман түсетінін ескерткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

