Канадалық Laramide Resources уран нарығындағы жаңа ережені «ресурсты мемлекет меншігіне өткізу» деп бағалап, Шу-Сарысу бассейніндегі ірі жобадан бас тартты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компания еліміздегі уранды барлау мен өндіруге арналған аса ірі геожобадан толығымен шығатынын мәлімдеп, 2025 жылдың аяғында қабылданған Жер қойнауы туралы кодексті сынға алды.
Laramide басшылығының пікірінше, соңғы түзету инвестордың жаңа кен орнын ашу мен игеруге деген талпынысын түбегейлі жойып жіберген.
Канадалықтар 2024 жылдан бастап жалпы аумағы 5500 шаршы шақырымды қамтитын Шу-Сарысу бассейніндегі учаскілерді зерттеген. «Қазатомөнеркәсіптің» кеніштеріне жақын орналасқан аумақта тереңдігі 15 мың метрге дейін шахта бұрғылау жоспарланған еді.
«Алайда бюрократиялық кедергінің көбейіп кетуіне байланысты бұрғылау жұмысы басталмай жатып аяқталды», — дейді компания.
Хендерсон не дейді?
Laramide Resources президенті Марк Хендерсон мұны «әлемде баламасы жоқ жағдай» деп бағалап отыр екен.
«Саяси тәуекел кез келген елде бар нәрсе ғой, бірақ әдетте олар ресурс табылған соң ғана пайда болады. Ал бұл жерде жағдай мүлде басқаша. Ресурсқа бастар жолды алдын ала бөгеп қойды. Яғни мемлекет табылған дүниені ғана емес, әлі табылмаған байлықты да ұлттық меншікке айналдырып алды», – дейді Хендерсон.
Айтуынша, әлгіндей қатаң талап Laramide ғана емес, жалпы Қазақстан нарығына кіргісі келетін барлық шетелдік инвесторлардың қызығушылығын жояды.
Осы себептен компания еліміздегі қаржы операцияларын толық тоқтатып, уран өндірісіндегі басты жобаларын АҚШ пен Аустралияға бағыттағалы отыр. Laramide Resources Түркістан облысында да геобарлау жұмысын жүргізіп, уранмен қатар мыс және сирек кездесетін металды да іздеуге ниеттенген. Компания өңірдің геологиялық әлеуетін жоғары бағалаған еді.
Айтпақшы…
Бұған дейін депутат Бапи мәжілістің мұнай кен орындары, әсіресе Қашаған бойынша жасалған өнімді бөлу туралы келісімді қайта қарауға дайындалып жатқанын мәлімдеген.
«Біз 90-жылдары жасалған келісімдердің ашықтығын талап етеміз. Ол кезде бүкіл қоғамның пікірінсіз, тек бір адамның шешімімен ғана өте күрделі әрі маңызды келісімшарттар жасалған. Осы құжаттардың артында қандай құпия тұрғанын халықтың білуге толық құқығы бар», – деген-тұғын Бапи парламент кулуарында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

