Жаңаөзен қаласы өңірдегі ірі индустриялық орталыққа айналып келеді. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағы кеңейіп, субаймақтардың саны 15-ке жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа қосылған екі субаймақ Жаңаөзен қаласында орналасқан. Қазір жалпы аумағы 280 гектарды алып жатқан осы өнеркәсіптік аймақта үш маңызды жоба іске асырылып жатыр.
Ең ірі жоба «Каскор-Машзавод» ЖШС қолға алған мұнай-газ секторына қажетті сораптық-компрессорлық құбырлар мен штангалар өндірісі. 17,3 млрд теңге қаржы құйылған зауыт жылына 540 мың штанга мен 51 мың тонна құбыр шығаруға дайын. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде мамандар іріктеліп, кәсіби оқытудан өтіп жатыр.

Сонымен қатар Жаңаөзенде 300 млн теңге инвестиция тартылған асфальтбетон зауытының құрылысы қарқынды жүруде. Мұнай-газ саласына арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауытқа да 12 млрд теңге инвестиция салынып, 50-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы бастамалар арқасында №14 субаймақ машина жасау және мұнайсервис орталығына айналмақ.
Айта кетерлігі, Үкімет қаулысына сәйкес, АЭА аумағына Кендірлі курорттық аймағының қосылуымен, арнайы экономикалық аймақтың жалпы ауданы 9 814 гектарға жетті. Енді АЭА индустриялық, логистикалық және туристік бағыттағы 15 субаймақты біріктіреді. Бұл өзгерістер өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, халықты жұмыспен қамту мен инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды.
Бұған дейін «Ақтау теңіз порты» АЭА қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, мүмкіндіктері кеңейетінін жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

