Соңғы үш жылда Жетісу облысының Кербұлақ ауданында 34 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нысандардың жартысы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, қалған 17-сі жергілікті бюджет есебінен салынған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан активімен кездесу барысында айтты.
Жаңадан ашылған нысандардың басым бөлігі – 30 нысан денсаулық сақтау саласында бой көтерген. Бұдан бөлек, ауданда 2 спорттық және 2 мәдениет мекемесі халыққа есігін айқара ашты.
– «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша ең көп нысан дәл осы Кербұлақ ауданында салынды. Дәрігерлік амбулаториялар Басши, Сарыбастау, Ақтөбе, Малайсары, Қызылжар, Шұбар, Қарағаш, Қарашоқы, Алтынемел ауылдарында ашылса, фельдшерлік-акушерлік пункттер Жаңалық, Қоянкөз, Нұрым, Қарымсақ, Байғазы, Шаған елді мекендерінде, ал медициналық пункттер Беріктас, Доланалы ауылдарында тұрғызылды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, Қоғалы, Жаңалық, Беріктас, Басши, Алтынемел, Қаспан, Қарашоқы ауылдарындағы мектептер ағымдағы жөндеуден өткен. Бұдан өзге, «Алацем» ЖШС демеушілігімен Сарыөзек ауылында орталық саябақ ел игілігіне берілді. Қазіргі уақытта Көксай ауылында 60 орындық мектеп және Сарыөзекте заманауи кітапхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
– Сарыөзекте тұрғаныма 30 жылдан асты. Соңғы жылдары ауданымыз ерекше қарқынмен дамып келеді. Ауыз су мен табиғи газ мәселесі шешілді. Аудандық ауруханамыз жаңа ғимаратқа көшті, емханамыз заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Енді өзіміз бен немерелеріміздің денсаулығын тексерту үшін басқа өңірге барудың қажеті жоқ. Халықтың тұрмыс сапасы жақсарып, жайлы жағдай жасалғанына қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Қасира Қуандықова.
Айтпақшы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданы активімен кездесіп, жаңадан сайланған әкім Жанат Жүнісбековті таныстырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

