Әлем футболының әйгілі жұлдызы, кезінде «Манчестер Юнайтед» сапында жасындай жарқылдаған португалиялық Луиш Нани «Ақтөбе» клубына ауысты.
Футболшы Instagram желісінде ақтөбелік командаға келгеннен кейінгі әсерімен бөлісіп, алдағы жоспарын жария етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Карьерамның жаңа белесіне қадам басқаныма қуаныштымын. Клуб иесі Нұрлан Артықбаевқа, басшы Арман Оспановқа және Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа жылы қабылдап, ерекше қолдау білдіргендері үшін алғысым шексіз. Клубтың болашаққа жасаған жоспары қатты әсер етті. Команданы Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге жеткізу үшін бар күшімді саламын», – деп жазды ол.
Толық аты-жөні Луиш Карлуш Алмейда да Кунья әлемдік футбол тарихында Нани есімімен белгілі. Ол Португалия ұлттық құрамасы тарихындағы ең үздік ондыққа кіретін ойыншы. Ұлттық құрама сапында 112 матчқа қатысып, 24 голдың авторы атанған.
Кәсіби футболдағы жолын 2005 жылы Лиссабонның әйгілі «Спортингінен» бастаған Нани, екі жылдан кейін ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубына ауысқан еді. «Қызыл сойқандар» қатарында жүріп Англия премьер-лигасын төрт мәрте ұтып, Чемпиондар лигасы, Клубтар арасындағы әлем чемпионаты, екі рет Англия лигасы кубогы және төрт рет Англия суперкубогын иеленген.
Кейінірек «Спортингке» қайта оралып, түріктің «Фенербахче», испаниялық «Валенсия» командаларында доп тепті. Соңғы уақытта АҚШ-тың «Орландо Сити» командасында үш маусым бойы ойнаған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Англия чемпионы, Еуропа лигасының жеңімпазы атанған тағы бір танымал футболшы қызылордалық «Қайсарға» ауысқан еді. Осылайша, Қазақстан футболында жаңа трансферлік кезең қызу жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

