Бүгін Королев кен орны қайта іске қосылып, Теңіздегі Екінші буын зауытының өндірістік процестері қайта жанданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазірдің өзінде тәулігіне 2 500 тонна шикізат қабылдап отырған зауытты алдағы күндері толық жобалық қуатына жеткізу жоспарлануда.
Энергетика министрлігі мамандарының хабарлауынша, қазір Теңіз кен орнындағы бүкіл техникалық ресурстар мен кадрлар толықтай жұмылдырылып, инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Энергетикалық жүйелер мен жабдықтардың қауіпсіздігі тексеріліп, өндірістік процестерді іске қосу үшін соңғы техникалық сынақтар өткізілуде.
Бұл жұмыстарды жүргізуде «Теңізшевройл» компаниясына өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың халықаралық стандарттарын қатаң сақтай отырып, қысқа мерзімде толықтай қалыпты режимге шығу міндеті жүктелді.
Зауытты жылдам іске қосуға арнайы технологиялық өтпелі желілердің монтажы мен тестілеу жұмыстарының уақытында аяқталуы сеп болғанын айта кеткен жөн.
Қазір Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мамандары ТШО-ға техникалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, жұмыс барысын сағат сайын бақылауда ұстап отыр. ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің директоры Жандос Жылқайдаров өндірістік алаңда болып, барлық жұмыстардың тікелей басы-қасында жүр.
Алдағы маңызды кезең 2 ақпан күні. Бұл мерзімге дейін компрессорлар мен трансформаторларды пайдаланып, қысымды арттыру жүйелері іске қосылады. Соның нәтижесінде зауытқа шикізат тұрақты әрі толық көлемде жеткізіліп, өндірістік процесс толық қалпына келтіріледі.
Министрлік өкілдері өндірістің толық қалпына келуі – стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айта келе, процестің тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Ал ТШО басшылығы инфрақұрылымның дайындық деңгейіне қарай өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырып отыратынын хабарлады.
Тілшілеріміз ҚР Энергетика министрлігі цифрлық технологияларды отын-энергетика кешеніне кеңінен енгізу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

