Қазақстанда бастауыш сыныптарға арналған ағылшын тілі мен әдебиет оқулықтарында ұлттық мазмұн мен ертегі кейіпкерлерінің бейнелері бұрмаланғаны анықталып, баспалар бүкіл таралымды өз есебінен қайта басып шығаруға мәжбүр болды. Оқу-ағарту министрлігі сарапшылар бекіткен нұсқадан ауытқыған басылымдарды мектептерден кері қайтарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ертегі кейіпкерлері мен ұлттық мазмұндағы ауытқу
Министрліктің ресми мәліметіне сәйкес, жарық көрген оқу құралдарының мазмұны бұған дейін сараптама комиссиясы мақұлдаған түпнұсқаға сәйкес келмей қалған екі бірдей дерек тіркелді.
Алғашқы оқиға Express Publishing баспасынан жарық көрген 2-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығына қатысты болды. Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандары тексеру жүргізу кезінде оқулықтың бекітілген мемлекеттік нұсқадан алшақтап кеткенін анықтаған. Атап айтқанда, кітаптағы ұлттық мазмұнның берілу тәсілі мен қазақ ертегілері кейіпкерлерінің көркемдік иллюстрациялары талапқа сай болмай шыққан. Нәтижесінде баспа барлық кемшіліктерді түзетіп, бүкіл тиражды өз қаражаты есебінен қайта басып, мектептерге қайта таратты.
Екінші жағдай «Алматыкітап» баспасынан шыққан 2-сыныптың «Әдебиеттік оқу» хрестоматиясында орын алған. Тексеріс кезінде оқу құралының мазмұны пәндік комиссия бекіткен стандарттарға сай келмейтіні әшкереленіп, баспагерлер мыңдаған дананы өз қаражатына қайта шығаруға мәжбүр болған.
Баспаларға жүктелген жауапкершілік
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оқулықтарда жіберілген өрескел қателіктер мен бекітілген нұсқадан өз бетінше ауытқулар үшін тікелей баспа ұйымдары жауап береді. Мұндай бұзушылықтар табылған кезде баспа мемлекет қазынасына салмақ салмай, бүкіл тиражды өз қаражатына толықтай жаңартып беруге міндетті.
Ведомствоның түсіндіруінше, мектеп кітаптары баспаға дейін бірнеше сүзгіден өтеді: апробацияға дейінгі және одан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама, мектептердегі сынақ кезеңі, қоғамдық талқылау және пәндік комиссияның қорытындысы жасалады. Осы кезеңдердің барлығынан өткен соң ғана кітап мектептерге енгізілуі тиіс.
Оқушы қолына тигенде ғана байқалатын қателер
Алайда оқулықтар қағаз жүзінде осыншама көпсатылы тексеруден өтсе, сорақы қателіктер мен ертегі кейіпкерлерінің бұрмалануы неге мыңдаған таралым мектепке тарап кеткеннен кейін ғана анықталады деген орынды сұрақ туындайды.
Кітап оқушының партасына жетіп, мұғалімдер мен ата-аналар дабыл қаққанда ғана министрліктің қимылдауы отандық сараптама жүйесінің сыр беріп тұрғанын көрсетеді. Баспалардың өз ақшасына қайта басып шығарғаны – мәселенің қаржылық жағы ғана. Ал қате кітаппен оқып, сапасыз материалмен уақыт жоғалтқан балалардың біліміне кім жауап береді?
Оқулық шығару ісі жекелеген баспалардың коммерциялық бизнесіне ғана айналып, оған қол қойған сарапшылардың жеке жауапкершілігі қаралмайынша, оқулық дауы тоқтамайды. Әрбір мақұлданған қате бет үшін сарапшылар мен шенеуніктерге қатаң тәртіптік және кәсіби тосқауыл қойылмай, мектеп кітаптарындағы кемшіліктерден арылу мүмкін емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







