Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында қаладағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын тексерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкім алдымен Сапожников өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта өзеннің 3 шақырымнан астам аумағы толықтай жаңғыртылып, арна жағалауының қауіпсіздігі гидротехникалық шаралар арқылы күшейтілген.
Арнаның беткейлері габиондық құрылымдармен бекітіліп, өзен бойында алғаш рет жаяу жүргіншілерге арналған жол пайда болды. Бұған қоса, аймақ толықтай жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Дегенмен әкім жұмыс сапары барысында кейбір кемшіліктерді анықтап, оларды қысқа мерзім ішінде түзетуді тапсырды. Әсіресе, өзен жағалауын көгалдандыру жұмыстарын арттыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Үлкен Алматы өзені арнасын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын да тексерді. Ұзындығы 5,7 шақырым болатын учаскеде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілген.

Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы маршруттар құрылып, қосымша көгалдандыру көзделген.
Қала әкімі назар аударған тағы бір нысан Flow Park спорт саябағы. Бұл қоғамдық кеңістік тұрғындардың белсенді демалысына қолайлы жағдай жасау үшін жан-жақты ойластырылған инфрақұрылыммен жабдықталады. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Саябақ қала тұрғындарының демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи әрі жайлы орынға айналмақ.
Таяуда Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды Orascom Investment Holding холдингінің төрағасы Нагиб Савириспен кездесіп, туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

