Биылдан бастап банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) тоқсан сайын тапсырып отырады, деп еске салады Ertenmedia.kz.
Алғашқы мәліметтер қаңтар, ақпан және наурыз айлары бойынша 15 сәуірге дейін жіберіледі. Осы деректер негізінде МКК кәсіпкерлік кіріс белгілері байқалатын жеке тұлғаларға арнайы хабарламалар жібереді.
Мобильді аударымдар мына үш шарттың барлығы бір уақытта орындалғанда ғана бақылауға алынады:
Жеке тұлғаға аударымдар 100 және одан да көп әртүрлі адамнан түссе;
Аударымдар қатарынан үш ай бойы тұрақты түрде жасалса;
Үш айдағы жалпы аударым сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асып кетсе (2026 жылы – 1 105 000 теңге).
Бұл шара қарапайым азаматтардың күнделікті аударымдарына әсер етпейді. Туыстар мен таныстар арасындағы тұрақты аударымдар ешқандай сұрақ туғызбайды және салықтық бақылауға жатпайды.
Хабарлама алғаннан кейін не істеу керек?
Егер салық төлеуші салық органының хабарламасымен келіссе, көрсетілген кемшіліктерді жою қажет.
Келіспеген жағдайда салық органына «бұл аударымдардың кәсіпкерлікпен байланысы жоқ» деген мазмұнда нақты түсініктеме жіберіледі.
Жартылай келіскен жағдайда, келіскен бөлігі бойынша кемшілікті түзеп, қалғаны бойынша түсініктеме беру қажет.
Салық органынан келген хабарламаны орындауға хабарламаны алған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.
Егер белгіленген мерзімде хабарлама орындалмаса немесе салық органы жіберілген түсініктемелерге сенбесе, мобильді аударымдарға қатысты салықтық тексеру жүргізілуі мүмкін.
Білесіз бе, Ұлттық Банкі 10 000 теңгелік ескі банкноттарды жаңасына ауыстырудың мерзімін ұзартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

