28 қаңтарда Қазақстанның 15 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Елімізде тұман, көктайғақ, қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашын, боран және жел күшейеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Қарағанды облысының батысы, шығысы және оңтүстігінде де осыған ұқсас жағдай қалыптасады.
Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр, ал оңтүстігі мен таулы аймақтарында жауын-шашын қарқынды болуы мүмкін. Төменгі боран, көктайғақ және тұман байқалады, желдің екпіні жекелеген аудандарда секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Шымкент қаласында таңертең және күндіз жауын-шашын күшейіп, көктайғақ пен тұман аралас боран күтіледі. Түркістан қаласында да ауа райы тұрақсыз болып, желдің екпіні 15-20 м/с шамасында сақталады.
Қызылорда облысының солтүстігі, шығысы және орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі, Қызылорда қаласында да осы құбылыстар болжануда. Маңғыстау облысының батысы мен орталығында төменгі боран мен тұман байқалады, көктайғақ қаупі бар. Ақтауда жол бетінің көктайғақтануы ықтимал, ал облыстың солтүстік-шығысында түнде ауа температурасы –25 –27 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз сақталады.
Соқыр тұман басады
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде төменгі боран күтіледі, солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Орал қаласында түнгі және таңғы уақытта көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында түнде қар мен боран болжанып, күндіз солтүстік және шығыс аудандарда қар аралас боран жалғасады. Өңірдің бірқатар бөлігінде тұман күтіледі, Өскеменде де түнгі және таңғы уақытта көріну нашарлайды.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар жауып, төменгі боран байқалады, шығысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында қар мен боран күтіліп, желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Жетісу облысының таулы аудандарында тұман сақталады, Алакөл маңында жел күшейеді.
Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар мен төменгі боран болжанып, оңтүстігінде тұман түседі.
Жамбыл облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі, солтүстігі мен таулы аймақтарында қарлы боран болуы ықтимал. Тараз қаласында тұман мен көктайғақ кезең-кезеңімен байқалады. Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі, Көкшетауда түнгі және таңғы уақытта көріну нашарлайды.
Ауа райына қатысты мәліметтерді Қазгидромет таратты. Осыған байланысты тұрғындарға жолда абай болу, алыс сапарларды жоспарлауда сақтық шараларын ескеру ұсынылады. Бұған дейін елордада ауа райының қолайсыздығына байланысты 28 қаңтар күні 0–6 сынып оқушыларының бірінші ауысымы қашықтан оқыту форматына көшірілгені хабарланған.
Білесіз бе, Ұлттық Банкі 10 000 теңгелік ескі банкноттарды жаңасына ауыстырудың мерзімін ұзартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

