Танымал актер Рамазан Амантай артық салмағына қатысты пікір білдіріп, көрермендеріне маңызды үндеу жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өнер иесі сұхбат барысында артық салмағының күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтіріп жүргенін, бірақ осы күнге дейін нақты қадам жасауға іштей дайын болмағанын мойындады.
– Өз салмағым 100 келіден асқан сәттен бастап өзіме ұнамай бастадым. Бірақ басында қатты сын бола қоймайтын. Халық «өзіміздің балақай» деп, жылы пікір жазатын. Кейінірек жағдай өзгерді, – дейді актер.
Оның айтуынша, артық салмағы анасы мен келіншегіне қатты ауыр тиеді екен.
– Мен ер азаматпын, сынға төтеп бере аламын. Бірақ анам мен келіншегімнің көңілі түсіп, қиналғанын көру маған ауыр тиеді. Сондықтан өтініш ең болмаса жақындарым үшін жағымсыз пікір жазбасаңыздар екен. Менің көңіл-күйімді түсіретін нәрсе пікір емес, жақындарымның қайғыруы, – деді Рамазан Амантай.
Өнер иесі артық салмақ жинауының басты себебін шығармашылық пен продюсерлік жолдағы қарбалас өмірімен байланыстырды.
– Менің ойымша, үлкен өмір додасына ерте араласып кеттім. Продюсерлік жолдың машақаты көп. Күн сайын 101 түрлі мәселемен оянғанда, салмақ туралы ойлауға мұршаң келмейді екен, – дейді ол.
Бір апта бұрын актердің салмағы 161,5 келі болған. Қазір дұрыс тамақтанып, жаттығу бастағаннан кейін салмағы 156 келіге дейін түскен. Ол «Бизнес по-казахски» фильмінде түскен кезінде салмағы небәрі 70 келі болғанын есіне алып, «Халықтың алдында семірдім ғой» деп әзілдеді.
– Соңғы уақытта өмір сүру қатты қиындап кетті. Ұнатқан киімімді кие алмаймын, аяқкиім кию де үлкен қиындық тудырады. Түнде ұйқым дұрыс болмай, көбінесе көлікте көз ілемін. Артық салмақ жалпы өмір сапасына кері әсер етеді екен, энергия жоқ. Отбасыммен, жақындарыммен қарым-қатынасыма да әсер етті, – дейді актер.
Сонымен қатар, ол соңғы кезде отбасы мүшелері арасында түрлі көріпкелдер мен бақсыларды шақыру мәселесі жиі көтерілетінін жеткізді.
– Отбасым «көз тиді» деп әртүрлі емшілерді шақыра бастады. Жақында өзім де шариғатқа сәйкес әрекет ететін адамға барып дем салдырдым. Ол кісі де «дуа жасалған» деді, – деп ағынан жарылды актер.
Рамазан бұл жағдайға сенер-сенбесін білмейтінін, сезімдері түсініксіз күйде екенін де жасырмады. Сондай-ақ ол өте аз қимылдайтынын, көңілді отырыстарды, сауық-сайранды жақсы көретінін мойындады. Актер денсаулығын ретке келтіруге нақты шешім қабылдауына не себеп болғанын ашық айтты.
– Жақында дәрігерлік тексерістен өттім. Анализ қорытындысы бойынша дәрігерлер маған «арықтамасаң, 36 жасқа дейін денсаулығың жарамай қалады» деді. Қазір жасым – 27-де. Мен үшін бұл үлкен ескерту болды, – деп қорытындылады Рамазан Амантай.
Ал қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы, талғампаз сәнімен, сырлы үнімен көпшіліктің сүйіктісіне айналған Ерке Есмахан Мальдив аралдарынан ерекше фотоларымен бөлісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

