Жаңаөзен қаласында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған заманауи «Айнала» оңалту орталығының техникалық ашылуы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асқан жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ және «Baquatty aimaq qory» қолдап отыр.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай:
– Бұл орталық ерекше балаларымыз бен олардың ата-аналары үшін зор қуаныш. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған орталық – әлеуметтік маңызы зор нысан. Балалардың оңалту емін алуы үшін енді басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Қажетті қолдау мен қызметтерді өз жерінде ала алады, – деді.
Жаңа орталықта 3-18 жас аралығындағы ерекше балаларға жан-жақты оңалту қызметі ұсынылады. Атап айтсақ, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, церебралды сал ауруы, Даун синдромы, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар үшін АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері мен арт-терапия шеберханалары ашылған. Балалардың күнделікті өмір дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
«Айнала» орталығы жылына 840 бала қабылдай алады. Мұнда жоғары білікті педиатр, невропатолог, реабилитолог, дефектолог, логопед және басқа да 60-тан астам маман қызмет көрсетеді.

Статистикаға сәйкес, бүгінде Маңғыстау облысында ерекше күтімді қажет ететін 8113 бала тіркелсе, соның 1500-ге жуығы – Жаңаөзен қаласында тұрады. Осы уақытқа дейін ата-аналар балаларын Ақтау қаласына апаруға мәжбүр болған еді. Жаңа орталықтың ашылуы бұл мәселені түбегейлі шешіп, отбасыларға едәуір жеңілдік әкелді.
Орталық наурыз айынан бастап балаларды қабылдай бастайды.
Тілшілеріміз таяуда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағы кеңейіп, субаймақтардың саны 15-ке жеткенін жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

