ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы, 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменттің мәліметінше, жұмыс берушілерге enbek.kz порталы арқылы тиісті хабарламалар жіберілген.
– Осы орайда жұмыс берушілерді қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын уақытылы рәсімдеуге шақырамыз. 2026 жылдың бірінші тоқсанында сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындарға жоспарлы тексерулер жүргізіледі, – делінген хабарламада.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, міндетті сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл салынады (2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге).
– Қызметкерлерді дер кезінде сақтандыру – еңбек заңнамасын сақтау ғана емес, бұл әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Сақтандыру шартын рәсімдеу арқылы жұмыс беруші қызметкерлердің денсаулығы мен құқығын қорғап, заң алдындағы өз жауапкершілігін азайтады, – деп атап өтті департамент мамандары.
Осыған орай ведомство нақты мысал келтірді:
Мысалы, еңбек жарақаты салдарынан оң қолының 2, 3 және 4 саусақтарынан айырылып, кәсіби еңбек ету қабілетінен 55 пайыз жоғалтқан 34 жастағы жүк тасушы азаматқа (жалақысы – 120 470,9 теңге) сақтандыру шарты бойынша 2024 жылғы инфляцияны есепке ала отырып, ай сайынғы төлем 46 708 теңге болып белгіленген. Жалпы сақтандыру сыйлықақысы 15 454 276 теңгені құрады.
– Бұл жағдай жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсінен болған. Сондықтан аталған шартты уақытылы жасасқан жұмыс берушінің қызметкері осындай жағдайда сақтандыру компаниясынан көмек ала алады, – дейді департамент өкілдері.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын орындауға шақырып, алдағы уақытта жоспарланған тексерулерге алдын ала дайын болуды ескертеді.
Біле жүріңіз, биылдан бастап ҚР Салық кодексіне сәйкес электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдеу тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

