Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиында Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан бастамаларын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Президент көтерген қоғамды жаңғырту, ұлттық бірегейлікті нығайту, әлеуметтік әділдік пен жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері кеңінен қаралды.
Облыс әкімі өз сөзінде Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтынын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында елдің бүгіні мен болашағына қатысты маңызды реформалар мен стратегиялық міндеттерді белгіледі. Бүгін осы бастамаларды өңірлік деңгейде талқылап, нақты жоспар әзірлеу үшін бас қосып отырмыз. Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижесі айқын көрінуде. Экономиканың өсуі, халық тұрмысының жақсаруы мен өмір сапасының артуы – соның дәлелі. Бұл іске зиялы қауым өкілдері де белсенді атсалысуда, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесуде өңірдің киелі орындары жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар мәдениет пен өнерді дамыту, рухани құндылықтарды сақтау, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру, патриотизмді нығайту, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, энергетика, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру және парламенттік реформаларға қатысты ой-пікірлер айтылды.
Зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының көтерген бастамаларының маңыздылығын атап өтіп, оларды өңір деңгейінде іске асырудың нақты жолдары туралы пікір алмасты.
Жиын соңында Ұлттық құрылтайда белгіленген басымдықтар өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына жаңа серпін беретіні айтылып, қатысушылар алдағы уақытта осы бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Жаңаөзен қаласында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған заманауи «Айнала» оңалту орталығы ашылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

