2026 жылдың наурызынан бастап қоқыс тастап, тал-теректі зақымдаған немесе аула мен көшедегі тәртіпті бұзған азаматтарға айыппұлды тікелей әкімдіктер сала алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережеге сай, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс әкімдіктері:
- қоқысты бейберекет жерге тастау;
- ағаш, гүлзар мен көгалды бүлдіру;
- орындық, аялдама, балалар алаңы секілді ортақ мүлікке зақым келтіру әрекеттерін анықтап, өздері шара қолданады.
Билік осылайша тәртіп бұзушылыққа жылдам әрекет етіп, аула мен көшедегі тазалықты жіті бақылауға алмақ.
Былтыр қоқыс тастау және абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 590 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Салынған айыппұл көлемі 5 миллиард теңгеден асып кеткен.
Экология министрлігінің мәліметінше, жаңа шара тек айыппұл салуды мақсат етпейді. Ең басты міндет «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындарды табиғатты қорғауға, тазалық сақтауға үйрету.
Бұған дейін біз көпқабатты үйде темекі тартып, қақырып-түкіріп, қолындағы қоқысты қалаған жеріне тастай салатын тұрғындар бұдай былай қатаң жазаланатынын хабарлаған едік.
Мәселен, кіреберісте бірер сағатқа қалдырған қоқыс пәкетінің өзі қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік кодекстің 434-2-бабымен жазаланып, 43 250–86 500 теңге (10–20 АЕК) көлемінде айыппұл салуға не 40–80 сағат қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

