Алматы соты белсенді Марат Абдурахмановқа әлемжеліде жаңа Конституция жобасын сынаған жазбасы үшін 86 500 теңге (шамамен 170 доллар) көлемінде айыппұл салды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімшілік іс «жалған ақпарат тарату» бабымен қозғалған. Марат Абдурахманов желідегі жазбасында Ата заңның жаңа жобасын «тоталитаризм мен жемқорлық көрінісі» деп бағалап, оны қабылдау наразылыққа түрткі болуы мүмкін екенін айтқан.
«Президент пен Құрылтайдың міндеті мен жауапкершілігі неге көрсетілмеген? Бар міндет тек азаматтарға, ал құқық тек шенеуніктерге берілген. Азаматтардың дауыс беру үдерісін бақылауы туралы бір ауыз сөз жоқ. Осы Конституция қабылданса, минималды зейнетақы 50 долларға, ал ең төменгі жалақы 100 долларға түсуі мүмкін. Жерімізді сатып жіберуі мүмкін, митинг үшін түрмеге отырғызуы ықтимал», – деген болатын белсенді.
Полиция өкілдері Абдурахмановтың жазбасы «қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болуы мүмкін» деп есептейді. Ал белсендінің өзі сотта кінәсін мойындамады.
Ол өз пікірін ғана білдіргенін, ешқандай жалған ақпарат таратпағанын жеткізді. Адвокаты да істі тоқтатуды сұрады, себебі оның пікірінше белсендінің іс-әрекетінде заң бұзушылық белгілері жоқ.
Абдурахмановқа хаттама 31 қаңтарда толтырылған. Сол күні Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасының толық мәтінін жариялаған болатын. Бастапқыда комиссия қолданыстағы Конституцияның 77 бабын өзгертуді жоспарлағанымен, кейін өзгерістердің ауқымы жаңа Конституция қабылдауды талап ететіні айтылды.
Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар тобы президент Тоқаевқа үндеу жолдап, жаңа Конституцияны қабылдауға асықпауға шақырған еді. Олар жобаны талқылау асығыс өтіп жатқанын, қоғамның талқылауға қатысу деңгейі шектеулі екенін алға тартуда. Сондай-ақ комиссия жұмысын тек парламенттік реформамен шектеу туралы ұсыныс білдіруде.
Комиссия өкілдері мұндай айыпты жоққа шығарып, өздері Конституцияның жекелеген нормаларын нақтылаумен айналысып жатқанын хабарлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

